Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі қалай есептеледі
Фото: Zakon.kz
Мемлекеттік БЖСМ жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды айқындау үшін оқу-жаттығу процесіне, оның ішінде жаттықтырушы-оқытушылар құрамы мен әкімшілік-басқару персоналының еңбекақы төлеу қорына, спорттық киіммен және құрал-жабдықтармен, фармакологиямен қамтамасыз етуге, сондай-ақ спорттық іс-шараларға арналған шығыстар ескеріледі.
Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру сметалық қаржыландыру бойынша қаржыландырылатын ғимараттар мен құрылыстарды күтіп ұстау мен жалға алу, коммуналдық, байланыс және көлік қызметтері бойынша шығыстарды өтемейді.
Оқу-жаттығу процесі келесі кезеңдерге бөлінеді:
- спорттық-сауықтыру;
- бастапқы даярлық;
- оқу-жаттығу;
- спорттық шеберлікті жетілдіру;
- жоғары спорт шеберлігі.
Мемлекеттік БЖСМ жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды есептеу кезінде келесі жалпы көрсеткіштер пайдаланылады:
- базалық лауазымдық айлықақы (БЛА);
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
- үш дайындық кезеңіне бөлінген білім алушылар контингенті:
- бастапқы даярлық кезеңі (Ебд) – спорттық-сауықтыру мен бастапқы даярлық топтарына қабылданған білім алушылар;
- оқу-жаттығу даярлығы кезеңі (Ежк) – спорт түрі бойынша мамандандыру мақсатында бастапқы даярлық кезеңін табысты аяқтаған білім алушылар;
- спорттық жетілдіру кезеңі (Есж) – спорттық жетілдіру және жоғары спорт шеберлігі топтарына қабылданған білім алушылар;
- дене шынықтыру және спорт саласындағы тиісті жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша мемлекеттік БЖСМ директорымен бекітілген оқу топтарының саны, мұндағы:
- бастапқы даярлық кезеңі топтарының жалпы саны;
- оқу-жаттығу даярлығы кезеңі топтарының жалпы саны;
- спорттық жетілдіру кезеңі топтарының жалпы саны.
Бұйрық 2026 жылғы 25 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.