Қазақстанда нефрологиялық көмек көрсетудің жаңа стандарты қабылданды
Фото: akorda.kz
Атап айтқанда, стандарт жаңа редакцияда бекітілді.
Нефрологиялық көмек мынадай жағдайларда көрсетіледі:
- амбулаториялық жағдайда;
- тәулік бойы медициналық бақылауды, емдеуді және күтімді көздейтін стационарлық жағдайда;
- күндізгі уақытта медициналық бақылау мен емдеуді, сондай-ақ төсек-орынмен қамтамасыз етуді көздейтін стационарды алмастыратын жағдайда;
- медициналық ұйымдардан тыс жерде, оның ішінде:
- емін жалғастыру үшін медициналық сүйемелдеуді қажет ететін пациентті медициналық ұйымға тасымалдау кезінде медициналық авиацияны пайдалану арқылы;
- жылжымалы (далалық) медициналық кешендерді, медициналық пойыздарды, далалық госпитальдарды және жол бойындағы медициналық-құтқару пункттерін пайдалану арқылы;
- медицина қызметкерлерін науқастың орналасқан жеріне жіберіп, экстракорпоралдық гемокоррекция әдістерімен ем жүргізуге арналған медициналық бұйымдарды қолдану арқылы;
- қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді пайдалану арқылы.
Нефрологиялық көмек көрсету үшін мынадай бөлімшелер ұйымдастырылады:
- Мамандандырылған нефрологиялық кабинет — меншік нысанына қарамастан, емханалардың немесе көпбейінді стационарлардың консультациялық-диагностикалық бөлімшелері, консультациялық-диагностикалық орталықтар, ғылыми орталықтар (институттар) мен диализ орталықтары құрамында аудандық, қалалық және облыстық деңгейде жұмыс істейді.
- Нефрология бөлімшесі — меншік нысанына қарамастан, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі көпбейінді (балалар мен ересектерге арналған) ауруханалар мен ғылыми ұйымдардың құрамында құрылады.
- Диализ бөлімшесі — стационарлық көмек көрсететін, меншік нысанына қарамастан, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі көпбейінді (балалар мен ересектерге арналған) ауруханалар мен ғылыми ұйымдардың құрамында жұмыс істейді.
- Диализ орталығы — аудандық, қалалық және облыстық деңгейде, сондай-ақ ғылыми ұйымдарда стационарды алмастыратын жағдайда нефрологиялық көмек көрсететін дербес медициналық ұйым немесе медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі. Ол ересектер мен балаларға қызмет көрсетеді.
- Нефрологиялық орталық — қалалық және облыстық деңгейде, ғылыми ұйымдар мен университеттік клиникаларда амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайда мамандандырылған нефрологиялық көмек көрсететін дербес медициналық ұйым немесе медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі. Оның құрамына нефрология бөлімшесі (немесе нефрологиялық төсектер), диализ бөлімшесі және (немесе) диализ орталығы, нефрологиялық кабинет кіреді.
- Мультидисциплинарлық топ (МДТ) — пациенттің ағзасы мен тіндерінің функциялары және құрылымдарындағы бұзылулардың сипатына, клиникалық жағдайының ауырлығына, ауру түріне және бүйректің зақымдану себептеріне қарай құрылатын әртүрлі мамандар тобы. Оның мақсаты — пациентті емдеу тактикасын бірлесіп айқындау және клиникалық хаттамаларға сәйкес консервативтік емдеу мен бүйрек функциясын алмастыру терапиясының (БФАТ) оңтайлы әдісін уақтылы әрі негізді таңдау.
Нефрологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың негізгі міндеттері:
- бейінді бағыт бойынша сараптамалық, ұйымдастырушылық-әдістемелік, консультациялық-диагностикалық, ғылыми және білім беру қызметін, соның ішінде телемедицинаны пайдалана отырып жүзеге асыру;
- әлемдік медицина ғылымы мен тәжірибесінің жетістіктеріне және дәлелді медицина қағидаттарына негізделген жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістерін әзірлеу, жетілдіру және енгізу;
- жоғары оқу орындарымен бірлесіп, нефрология мамандарының білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға қатысу;
- статистикалық деректерді қалыптастыруға және талдауға қатысу, аурушаңдық пен өлім-жітімнің өсу қарқынын тежеу тетіктерін әзірлеу, пациенттерді бағдарламалық гемодиализге ауыстыру жағдайларын ай сайын клиникалық талқылауды ұйымдастыру;
- клиникалық хаттамалар мен медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын әзірлеуге қатысу;
- амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік заттарды сатып алу көлемін қалыптастыру;
- өңірдегі дәрілік заттарды ұтымды пайдаланудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу;
- медициналық жабдықтар мен бұйымдарды сатып алуға арналған өтінімдерді қалыптастыруға қатысу;
- бейін бойынша медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыруға қатысу.
Нефрологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар қызметінің негізгі бағыттары:
- бүйрек аурулары мен зәр шығару функциясының бұзылуын ерте анықтауға, аурудың асқынуын және үдеуін болдырмауға, емдеуге, аурушаңдықты, мүгедектікті және өлім-жітімді азайтуға, созылмалы бүйрек ауруы (СБА) бар пациенттердің өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. Оның ішінде бүйрек функциясын алмастыру терапиясын (БФАТ) бастау мерзімін кейінге шегеру шаралары да бар;
- клиникалық хаттамаларға сәйкес бүйрек аурулары және зәр шығару функциясының бұзылуы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету;
- жедел бүйрек зақымдануынан (ЖБЗ) өткен пациенттерді, СБА-ның G3–G5 сатыларындағы науқастарды, БФАТ алып жүрген пациенттерді, соның ішінде бүйрек трансплантациясынан кейінгі адамдарды есепке алу және динамикалық бақылау;
- СБА-ның үдеуінің алдын алу мәселелері бойынша халыққа және денсаулық сақтау субъектілеріне ақпараттық-консультациялық, ұйымдастырушылық-әдістемелік және білім беру көмегін көрсету;
- ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу және оларды жүргізу, нефрология саласына инновациялық технологияларды енгізу.
Сонымен қатар медициналық көмек көрсету тәртібі де бекітілді. Толық ақпарат құжатта берілген.
Бұйрық 2026 жылғы 24 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін қолданыста болған стандарттың күші жойылады.