Қазақстанда алкогольге ПИН-код беру тәртібі өзгереді
Фото: pexels
Атап айтқанда, қағидалар жаңа редакцияда бекітілді.
Дербес сәйкестендіру нөмір-кодтары Қазақстанда өндірілетін немесе ел аумағына әкелінетін этил спиртін, құйма шарапты және алкоголь өнімдерін (сыра қайнату өнімдерінен басқа) өндірушілер мен импорттаушыларға беріледі.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған өтініштер мен оның нәтижелері енді "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы емес, Qoldau.kz порталындағы цифрлық жүйе арқылы рәсімделеді.
Өтінішті қарау мерзімі — түскен күннен бастап екі жұмыс күні.
Этил спирті мен құйма шарапқа қатысты өтініш өндіріс немесе импорт басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын берілуі керек. Жүйеде техникалық ақау туындаған жағдайда, қызмет көрсетуші 30 минут ішінде қолдау қызметіне жүгінуге тиіс.
Дербес сәйкестендіру нөмір-кодын беруден мынадай жағдайларда бас тарту көзделген:
- салық салу объектілері немесе салық салуға байланысты объектілер орналасқан жер бойынша қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қойылмауы;
- этил спиртіне, құйма шарапқа немесе алкоголь өніміне (сыра қайнату өнімдерінен басқа) дербес сәйкестендіру нөмір-кодының бұрыннан берілуі.
Көрсетілген жағдайларда ПИН-код беруден бас тартылса, өтініш беруші оны беру туралы өтінішті қайта тапсыра алады.
Бұйрық 2026 жылғы 3 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.