Қазақстанда инновацияларды дамытудың бес жылдық тұжырымдамасы бекітілді
Фото: freepik
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) бағалауынша, Қазақстан соңғы үш жылда Жаһандық инновациялық индекс (ЖИИ) рейтингінде тұрақты түрде 80-орында тұр.
Сонымен қатар соңғы жылдары республикадағы инновациялық белсенділік деңгейі 11,7%-дан (2023 жыл) 11,9%-ға (2025 жыл) дейін өскен.
2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда инновациялық белсенділіктің ең жоғары өсімі Ақтөбе облысында – 17,6%, Астана қаласында – 16,1%, Алматы қаласында – 15,1%, Қызылорда облысында – 14,8%, Қарағанды облысында – 14% және Солтүстік Қазақстан облысында – 13,7% тіркелген.
Ал Ақмола облысында инновациялық белсенділік деңгейі 5,8%, Батыс Қазақстан облысында – 5,4%, Шымкент қаласында – 5,1%, Маңғыстау облысында – 4,3%, Атырау облысында 4,1% болған.
Жалпы, бұл үрдіс кәсіпорындардың инновациялық үдерістерге біртіндеп көбірек тартылып жатқанын көрсетеді. Алайда өсім қарқыны баяу және өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық бар.
Статистикаға сәйкес, 2023-2025 жылдары өнеркәсіптегі өнімдік инновациялар мен бизнес-процестерге арналған инновацияларға жұмсалатын шығын көлемі 1,1 есе азайған.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі инновациялық шығындар айтарлықтай құбылған. Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда 2025 жылы шығын көлемі 1,5 есе қысқарған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1 358 039,3 млн теңге болса, 2025 жылы 939 530,9 млн теңгені құраған. Мұндай динамика өнеркәсіптегі инновациялық шығындардың жекелеген ірі инвестициялық және технологиялық жобалардың жүзеге асуына қатты тәуелді екенін көрсетеді.
Инновациялық белсенді кәсіпорындардың ең көбі Алматы қаласында – 251 кәсіпорын, Астана қаласында – 105 кәсіпорын, Қарағанды облысында – 52 кәсіпорын және Шығыс Қазақстан облысында – 49 кәсіпорын шоғырланған. Бұл елдегі ірі өнеркәсіптік және экономикалық орталықтарда өндірістік әрі кәсіпкерлік әлеуеттің басым екенін көрсетеді.
Кәсіпорындардың басым бөлігі инновациялық қызметпен айналыспайды. Оның негізгі себебі – инновацияларға сұраныстың болмауына байланысты оларды енгізу қажеттілігінің жоқтығы (48,4%).
Екінші маңызды фактор – жеке қаржының жетіспеушілігі (25,1%). Сондай-ақ кәсіпорындар бұрын енгізілген инновацияларға байланысты жаңа әзірлемелерді енгізу қажеттілігінің жоқтығын (8,5%), инновациялық шығындардың жоғары болуын (6%) және инновациялық тауарлар мен қызметтерге сұраныстың белгісіздігін (4,7%) атап өткен.
Маңыздылығы төмен болғанымен, өз әсерін сақтап отырған кедергілердің қатарында білікті мамандардың жетіспеушілігі (2,2%), технологиялар туралы ақпараттың болмауы (1,4%), сыртқы қаржы көздерінің жеткіліксіздігі (1,3%), инновация саласында серіктес табудың қиындығы (1,3%), нарықтар туралы ақпараттың болмауы (0,7%) және нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың басымдығы (0,5%) бар.
Жалпы, бұл көрсеткіштер кәсіпорындардың инновациялық белсенділігінің төмендігі тек қаржы тапшылығына ғана емес, инновациялық тауарлар мен қызметтерге нарықтық сұраныстың әлсіздігіне, бизнестің технологиялық жаңаруға ынтасының жеткіліксіздігіне, сондай-ақ кадрлық және ақпараттық шектеулерге байланысты екенін көрсетеді.
Не ұсынылады?
Тұжырымдаманың негізгі қағидаттары:
- ғылымды инновациялар арқылы дамыту. Бастапқы нүкте – экономика, өңір, кәсіпорын немесе қоғам алдындағы нақты технологиялық міндет;
- технологиялық дайындықтың толық циклі (TRL). Инновациялық саясат технологиялық дайындықтың барлық кезеңін қамтиды, әсіресе TRL 4-6 деңгейлеріне басымдық беріледі;
- инновациялық саясатты практикалық, экономикалық, технологиялық және қоғамдық нәтижеге бағдарлау;
- инновацияларды жүйелі дамыту үшін өңірлік ғылымды, бизнесті және білім беруді интеграциялау;
- өңірлік мамандану. Өңірлер инновацияларды "ақылды мамандану" (smart specialization), технологиялық басымдықтар, өңірлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (ЖЖОКБҰ), ғылыми-техникалық кеңестер мен негізгі жобалар арқылы дамытады.
Инновацияларды дамытудың бірнеше бағыты ұсынылған:
1-бағыт. Кадрлық әлеуетті, инфрақұрылымды және инновациялар мен ғылымды қолдау тетіктерін дамыту.
2-бағыт. Қазақстан Республикасының халықаралық ғылыми-технологиялық бағдарламалар мен бастамаларға қатысуын кеңейту.
3-бағыт. Инновацияларды дамыту, бизнестің технологиялық сұранысын қалыптастыру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін қолданбалы ғылымның тиімділігін арттыру.
4-бағыт. Өңірлік ғылыми-инновациялық жүйелерді дамыту.
2030 жылға қарай Қазақстанда нәтижеге бағдарланған, ғылым, бизнес, мемлекет және өңірлер арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ететін, сондай-ақ ғылыми және технологиялық әзірлемелерді өндіріске енгізуге, ауқымын кеңейтуге және өлшенетін экономикалық, технологиялық немесе қоғамдық нәтижеге жеткізуге бағытталған инновациялық жүйе қалыптастыру көзделген.
Жүйе Қазақстан Республикасының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, отандық ұйымдардың халықаралық ғылыми-технологиялық бағдарламаларға, соның ішінде Еуропалық Одақтың "Horizon Europe" бағдарламасына қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ сыртқы қаржыландыруды, сараптамалық қолдау мен әріптестік байланыстарды тартуға бағытталады.
Жүйені дамыту отандық ұйымдардың зерттеулер мен әзірлемелердің (Research and Development, бұдан әрі – R&D) жаһандық желілеріне және халықаралық нарықтарға қатысуын кеңейтуге ықпал етеді.
Нысаналы модельдің негізгі қағидаты перспективалы ғылыми және технологиялық әзірлемелерді нарыққа жеткізуді, сондай-ақ мемлекет, квазимемлекеттік сектор мен бизнес тарапынан технологиялық сұранысты қалыптастыруды қамтамасыз ететін "technology push – market pull" бірыңғай тетігін енгізу болады. Бұл ретте әзірлемелерді өндіріске енгізуге, қоса қаржыландыруға және нақты нәтижеге қол жеткізуге міндетті түрде басымдық беріледі.
Осылайша, мемлекет үдерісті емес, нәтижені қаржыландыратын тәсіл қолдау табады.
Ғылыми ұйымдар мен зерттеушілер қызметін бағалау ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстың практикалық нәтижелерімен байланыстырылады. Оған бизнес өкілдерімен жасалған лицензиялық келісімдер мен шарттар, өндіріске енгізілген технологиялар, коммерцияландырудан түскен кірістер және қол жеткізілген экономикалық тиімділік кіреді.
Қазақстандық перспективалы әзірлемелерді қолдаумен қатар технологиялар трансферін дамыту және шетелдік технологияларды жедел бейімдеу шаралары қабылданады.
Оның ішінде басым салаларда ұлттық технологиялық сұранысты қалыптастыру мен растаудың бірыңғай тетігін енгізу, салалардың технологиялық карталарын жасау, жаһандық технологиялық мониторинг жүргізу, техникалық-экономикалық сараптама жасау, озық технологиялар мен инновацияларды іріктеу, пилоттық бейімдеу, жергіліктендіру және коммерцияландыру, кейіннен сынақтан өткен технологияларды ауқымды енгізу мен экспорттау қарастырылған.
Күтілетін нәтижелер
- Ғылыми ұйымдар мен ЖЖОКБҰ зертханаларындағы жаңартылған жабдықтардың үлесі 2026 жылы 25%, 2027 жылы 30%, 2028 жылы 35%, 2029 жылы 40%, ал 2030 жылы 45% болады;
- аяқталған қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы санындағы коммерцияландырылған инновациялық жобалардың үлесі 2026 жылы 2,27%-дан 2030 жылы 2,7%-ға дейін өседі;
- халықаралық ғылыми-инновациялық және R&D бастамаларына қатысуға берілетін өтінімдер саны 2026 жылы 1 бірлікке, ал 2030 жылы 5 бірлікке артады;
- ғылыми қоғамдастықтың, бизнестің және басқа да мүдделі тараптардың ғылымды мемлекеттік басқару сапасына қанағаттану деңгейі (әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша) 2026 жылғы 62%-дан 2030 жылы 72%-ға дейін өседі;
- жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың жыл сайын іске асырылатын жобалардың жалпы санындағы үлесі 2026 жылы 2%-дан 2030 жылы 6%-ға дейін артады.
Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде мынадай көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған:
- Қазақстан Республикасының Жаһандық инновациялық индекс рейтингінде 72-орынға көтерілуі;
- инновациялық белсенділік деңгейін 23,4%-ға жеткізу;
- ЖІӨ-дегі ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын ішкі шығындардың үлесін 1%-ға жеткізу;
- ЖІӨ-дегі инновациялық өнімдердің (тауарлар мен қызметтердің) үлесін 3%-ға жеткізу;
- ЖИИ рейтингіндегі "Бизнес қаржыландыратын ҒЗТКЖ" индикаторы бойынша Қазақстанды 25-орынға шығару.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасында 2026-2030 жылдарға арналған инновацияларды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленген.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.