Арнайы инвестициялық келісімшарт жасасу қағидалары жаңартылды

Аудит, расчет, аудитор, графики, график, экономика, предпринимательство, бизнес, инвестиционные контракты, инвестиции, инвестирование, рост экономики, экономический рост, график роста, графики роста, финансы, финансовый рост, рейтинг, рейтинги, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.11.2026 14:38 Фото: pixabay
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 12 қарашадағы бұйрығымен арнайы инвестициялық келісімшарт жасасу және оны бұзу қағидаларын, мерзімдері мен шарттарын жаңа редакцияда бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидаларда мынадай ұғымдар айқындалған:

  • арнайы инвестициялық жоба – Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе еркін қойма иесі ретінде тіркелген ҚР заңды тұлғасы іске асырған (асырып жатқан) инвестициялық жоба, сондай-ақ көлік құралдары мен олардың компоненттерін, ауыл шаруашылығы техникасы мен оның компоненттерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан ҚР заңды тұлғасы іске асырған жоба;
  • арнайы инвестициялық келісімшарт – ҚР кеден заңнамасына сәйкес импорт кезінде төленетін кедендік әкелу баждарынан және Салық кодексінде белгіленген шарттарға сәйкес қосылған құн салығынан босатуды көздейтін шарт;
  • қарсы міндеттемелер – "Өнеркәсіптік саясат туралы" заңға сәйкес өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну кезінде өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісі мен мемлекет қабылдайтын өзара міндеттемелер.

Арнайы инвестициялық келісімшарт өтініш беруші мына талаптардың біріне сәйкес келген жағдайда жасалады:

  • өтініш беруші арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде тіркелген;
  • өтініш беруші еркін қойма иесі ретінде тіркелген;
  • өтініш беруші өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан.

Арнайы инвестициялық келісімшарт жасасу үшін уәкілетті органға өтініш беріледі.

Өтінішке мына құжаттар қоса тіркелуі керек:

  • заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамасы;
  • арнайы экономикалық аймаққа қатысушы үшін арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде тіркелгені туралы куәліктің көшірмесі немесе еркін қойма иелері тізілімінен үзінді көшірме; көлік құралдары мен олардың компоненттерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен оның компоненттерін өндірушілер үшін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімнің көшірмесі;
  • өндірістік қуаттарды пайдалануға беру актісінің көшірмесі;
  • қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінен үзінді көшірме;
  • өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау қорытындысы.

Өтініш уәкілетті органға келіп түскен күні қабылданып, тіркеу нөмірі мен күні беріле отырып тіркеледі. Уәкілетті орган өтініш тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығы мен дұрыстығын тексереді.

Құжаттар топтамасы толық ұсынылған жағдайда уәкілетті орган салалық қорытынды алу үшін құжаттарды құзыреті шегінде тиісті салалық мемлекеттік органға жолдайды.

Салалық мемлекеттік орган сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға салалық қорытындыны жібереді.

Жобаны қолдау немесе қолдамау туралы қорытынды уәжді болуы және онда мынадай мәліметтер қамтылуы тиіс:

  • анықталған нақты мән-жайлар;
  • жобаның сәйкес келетін немесе сәйкес келмейтін өлшемшарты;
  • қорытындыны растайтын мәліметтер және (немесе) есептеулер;
  • анықталған сәйкестіктің немесе сәйкессіздіктің жобаны іске асыру мүмкіндігіне әсерін негіздеу.

Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде арнайы инвестициялық келісімшарт жобасын әзірлеп, оған қол қою үшін өтініш берушіге жолдайды.

Өтініш беруші уәкілетті органнан арнайы инвестициялық келісімшарт жобасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оған қол қойып, қол қою және тіркеу үшін уәкілетті органға өзі апарып тапсырады.

Арнайы инвестициялық келісімшарт жасасудан мынадай негіздер бойынша бас тартылады:

  • өтініш берушінің қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы;
  • өтініш берушінің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
  • салалық мемлекеттік органның теріс қорытындысының болуы;
  • өтініш берушінің дәйексіз мәліметтерді немесе дәйексіз ақпарат қамтылған құжаттарды ұсыну фактісінің анықталуы.

Арнайы инвестициялық келісімшарт мынадай жағдайларда бұзылады:

  • арнайы инвестициялық келісімшартта көрсетілген мерзімнің аяқталуы;
  • арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе еркін қойма иесі ретінде тіркеудің күшін жою, заңды тұлға жасасқан өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдердің бұзылуы;
  • заңды тұлғаның арнайы инвестициялық келісімшартты бұзу туралы жазбаша өтініш беруі;
  • арнайы инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасы, оның ішінде өнеркәсіптік саясат саласындағы заңнамада көзделген қызмет бағыттары бойынша қарсы міндеттемелер орындалмаған жағдайда, хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықтардың жойылмауы;
  • қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінен шығарылуы.

Арнайы инвестициялық келісімшартқа және оның қосымшаларына өзгерістер тараптардың келісімі бойынша енгізілуі мүмкін.

Уәкілетті орган арнайы инвестициялық келісімшарт жасалғаны немесе бұзылғаны туралы хабарламаны келісімшарт тіркелген немесе оны бұзу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы ҚР уәкілетті органына жолдайды.

Бұйрық 27 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: