ҚазМұнайГаз дизель жетіспеуіне кім кінәлі екенін айтты
Zakon.kz
Бүгінгі таңда қорда 3700 тонна ғана дизель отыны қалған.
Павлодар облысының нарығында дизель отынына қатысты туындаған жағдайға қатысты жауапты мамандар түсінік берді. Шикілікке сутек құрылғысындағы ақау себеп болған. Салдарынан «ҚазМұнайГаз» компаниясы миллиардтаған теңгеге шығынға батты, - деп хабарлайды Baq.kz.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірде дизель отынының тапшылығы байқалды. Бүгінгі таңда қорда 3700 тонна ғана қалған. Бұл қор 9-10 күнге жетеді екен. Осындай жағдай Павлодарда ғана емес, тұтас елімізде орын алды. Себебін бүгін Павлодарға арнайы келген «ҚазМұнайГаз» АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы Данияр Тиесов айтып берді.
«Үстіміздегі жылдың 20 қазаны күні сутек өндіру құрылғысында дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Осы сәтте зауыт жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылды. Нақтырақ айтқанда, дәнекерлеу жүргізілген құрылғыға арнайы болат қолданылады. Жұмыстың осы түрін жүргізумен кез келген маман айналыса алмайды, ол үшін арнайы біліктілік қажет. Бұл жұмысты Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеу-монтаждық басқармасының мамандары жүргізді. Салдарынан жұмыс тиісті деңгейде орындалмай, техникалық қателіктерге жол берілді. Құрылғының бөлігінде жік пайда болды», - дейді Данияр Тиесов.
Данияр Тиесовтың айтуынша, құрылғыдағы ақау пайда болғанын жергілікті зауыт жасырған. Яғни, ақауды өз күштерімен жоюға тырысқан, десе де, мәселе ушыға түсті.
«Құрылғыдағы техникалық үрдістер жоғары температура мен жоғары қысымда жүргізіледі. Зауыт мамандары ақауды өздері жоймақ болды. Бұл туралы біз қазанның соңында бір-ақ білдік, 10 күн жоғалтып алдық. Бұл құрылғы дизель отынын гидротазалауға қажет. Бензинге келетін болса, жоспарлы жұмыстар тиісті деңгейде атқарылды. Құрылғылардың барлығы модернизацияланып, іске қосылды. Зауыт ел үшін К-4 маркалы бензинді өндіре бастады. Дизельге келетін болсақ, зауыт тәулігіне 4-4,5 мың тонна өңдеу керек болатын. Алайда, бүгінде күніне небары 600 тонна шығарылады. Алдағы уақытта көрсеткіш 1000 тоннаға дейін артады», - деп түсіндірді Данияр Тиесов.
Бүгінгі таңда сутек өндіру құрылғысына Ұлыбританияға тапсырыс берілді. Бағасы – 425 мың еуро.
«Қазіргі уақытта зауыт ресейлік зауыттардың көмегімен елге қажет дизель отынын тасымалдап отырмыз. Тәулігіне - шамамен 4 мың тонна. Сутек өндіру құрылғысын жөндеумен әлемде санаулы компаниялар айналысады. Құрылғының 11 метрлік бөлшегін бірегей технологиямен Ұлыбританияның Данкастер қаласындағы зауыт қызметкерлері жөндейді. Тапсырыс 6 желтоқсанда әуе көлігімен Павлодарға жаткізіледі. Оны 10 күннің ішінде орнатамыз, кейін 3-5 күннің ішінде құрылғыны іске қоспақпыз», - дейді Данияр Тиесов.
Мамандардың сөзіне сенсек, елімізде дизель отынының тапшылығы бір аптаның ішінде аяқталады. Айта кетейік, бүгінде еліміздегі өзге екі мұнай зауыты дизель отынын тиісті көлемде өндіріп жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясы өкілдері жанар-жағармайдың бір литрінің бағасы 155-157 теңге шамасында болады деп сендірді.
Фото: baq.kz
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript