Ақтөбеде жасөспірім бауырларын асырау үшін 6 рет қылмыс жасаған
cheboksary.ru
Ақтөбеде мұндай 80-нен астам дерек тіркелген.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының 15 жастағы тұрғыны бауырларын асырау үшін 6 рет ұрлық жасаған. Прокурорлар жағдайды бақылауға алмаған жауапты мекемелердің өкілдері де жауапқа тартылатынын айтады, деп хабарлайды Baq.kz.
Ақтөбеде жыл басынан бері 21 жасөспірім 60 қылмыс жасаған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің көбі нашар және толық емес отбасыларда тәрбиеленген. Әкесі немесе анасы ащы сумен достасқандар аз емес. Арасында жақындары үшін қылмысқа барғандары бар. Мәртөк ауданының тумасы анасы тастап кеткеннен кейін бауырларына азық табу үшін бірнеше рет ұрлық жасаған. 15 жастағы жасөспірімнің ішкіш әкесінен қайыр болмапты. Прокурор аудандағы білім және құқық қорғау мекемелері отбасындағы жағдайды білгенімен, ешқандай шара қолданбағанын айтады. Алдын алу шаралары жүргізілмеген. Олар да жауапкершілікке тартылады.
«Мәртөк ауданында жасөспірім іні-қарындастарын тамақтандыру үшін 6 рет азық-түлік ұрлаған. Әкесі ішеді. Анасы тастап кеткен. Оларды ата-ана құқығынан айыру туралы мәселе көтерілгенімен, шешусіз қалған. Бұл отбасындағы жағдайды білім мекемесі де, тәртіп сақшылары да білгенімен, ешқандай көмек көрсетілмеген», - деді Ақтөбе облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі басқарма бастығы Қанат Нахимбеков.
Өңірдің Мәртөк ауданының өзінде 9 жасөспірім мен 32 нашар отбасы есепке алынғанымен бірде бір материал кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі комиссияда қаралмаған. Ал, жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша жасөспірімдер жасаған қылмыстық істердің 70 пайыздан астамы анықталмаған негіздерге сәйкес қысқартылды.
«Облыста 32 жасөспірім екінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 59-ы құқық бұзушылықтарды алғаш жасап, тіркелгендер. Тек тәртіп сақшылары емес, ұстаздар да жауапты міндет атқаруы тиіс. Кәмелеттік жасқа толмағандар қылмысының жиі тіркелу себебін анықтап көрдік. Олардың қылмыс жасап, құқық бұзуының алдын алудың жаңа әдіс-тәсілдері қарастырылып жатыр», - деді Қанат Нахимбеков.
Ауылда тұратын немесе облыс орталығына оқуға келген жасөспірімдер арасында да құқық бұзушылық жиі болады. Ақтөбеде мұндай 80-нен астам дерек тіркелген.
Әсел Абат
Фото: www.cheboksary.ru
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript