Сириядан елге оралған әйел жазаға тартылмайды
kaztrk.kz
Қазір ол өткен іске өкінеді. Тұрмысы енді түзеліп келеді.
Осыдан үш апта бұрын 29 жастағы Қазақстан азаматы кәмелетке толмаған төрт баласымен елге әкелінді. Ол соғыс өртінің ошағынан Шешенстанның Грозный қаласына арнайы ұшақпен жеткізілді. Қазір жақындарымен Орал қаласында тұрып жатыр. Отандасымыз шет елде 6 жылын өткізген. Үш жылға жуық ИГИЛ лаңкестік ұйымының құрсауында болған, деп жазады QAZAQSTAN Ұлттық телеарнасы.
Ол аты-жөнін айтудан бас тартты. 2011 жылы ғаламтор арқылы дағыстандық жігітпен танысқан. Шаңырақ көтереміз деп Пәкістанға шақырады. Сол жылы Түркия арқылы Иранға, одан әрі Пәкістанның солтүстік-батысындағы Уәзірстанға барады. Ұлты авар жігітпен некесін қияды. Өзінің айтуынша, әйелдерді адам санамайтын, өркениеттен жұрдай су, жарық атаулы атымен жоқ ортағасырлық қышлақта 1 жыл 3 ай әрең күнелтеді. Кейін Түркияға көшеді. Отбасымен 2,5 жылдай Стамбұлда тұрады. 2014 жылы Сирияда халифат жарияланғанда Ракка қаласына жол тартады.
Сириядан оралған әйел: - 2015 жылы біз 2 баламызды алып, Сирияға бардық. Оған дейін бейнероликтерді қарадық. Әдемі роликтер. Ауруханаларын көрсетіп, «мұнда жақсы дәрігерлер, ауруханалар бар бәрі жақсы, келіңдер» деп шақырды. Бардық. Шын мәнісінде бәрі олай емес. Исламға сай емес. Көбі Шариғат бойынша емес. ИГИЛ-дің өз бастығы бар. Бірдеме айтсаң, қарсы шықсаң, бірден түрмеге отырғызып тастайды, атып тастайды.
Ракка-Шайтат-Меядин. Бұл оралдық қыз Сирияның осы үш аймағында болған. 3 жылға жуық содырлардың қоластында өмір сүрген. Күйеуін айлап көрмей, тіпті ішерге ас, киерге киім таба алмаған кезі болған. Лаңкестердің шынайы бет-бейнесін көргеннен кейін қателескенін түсініп, елге қайтқысы келеді. Бірақ, қапастан шығар жол жоқ. Тек осы күзде ғана ретін тауып, қашып құтылады.
Сириядан оралған әйел: - Жолсерік таптық. Күйеуім отырғызып жіберді. Қасымда тағы балаларымен әпкелерім болды. Күрдтердің әскерилеріне дейін жаяу жүрдік. Бір тәулік. Түнде асфальттің үстінде қонып шықтық. Өзіміз барып, берілдік. Жалпы саны 43 адам болдық. Бізді босқындар лагеріне апарып тастады. Камышлы деген жерден Латакияға дейін ұшақпен алып кетті. Сосын таңертең Грозныйға келдік.
Қазір ол өткен іске өкінеді. Тұрмысы енді түзеліп келеді. Оралда 6 жылдан бері көрмеген ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Мешітке келіп, өзгелерге сабақ болсын деп жамағатқа бастан кешкенін баяндайды. Жат ағымның құрығына түскен әйелге қазір теологтар көмек көрсетуде.
Саялбек Ғиззатов, БҚО Дін істері басқармасының басшысы: - Бұл бірінші адам емес. Бұған дейін біздің республикамызда да, облысымызда да болды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті әйелдің соғыс қимылдарына қатысы жоқтығын анықтап, теріс ағымның құрбаны деп бағаланған. Оған қатысты қылмыстық жаза қолданылмайды. Соңғы мәлеметтер бойынша, 150-ге жуық Қазақстан азаматы шетелдегі радикалдық топтардың құрамында жүр. Олармен бірге 200-ге жуық әйел мен бала, жетім-жесір бар көрінеді.
Фото: kaztrk.kz
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript