Нури мен Гули: Қайрат Нұртастың ата-анасы үнді әнін қазақша орындап шықты
Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова ара-тұра сахнаға шығып ән айтып тұрады. Бұл қатарға әншінің әкесі де қосылған. Бұл жолы елімізде өткен кештердің бірінде Нұртас Айдарбеков пен Гүлзира Айдарбекова үнді әнін орындап шықты, деп хабарлайды Stan.kz.
Танымал әнші Қайрат Нұртастың ата-анасы Нұртас Айдарбеков пен Гүлзира Айдарбекова үнді стилінде өткен кеште үнді әнін қазақша орындап шықты. Продюсер Instagram желісіндегі жеке парақшасында өнер көрсеткен сәтінің видеосын жариялады.
«Үнді стилінде болатын кеште үнді әніне қазақша сөз жаздырып айтуға тырыстық. Нури, Гули деп жаздық. Себебі күйеуім екеуміздің қысқартып аталатын есіміміз осылай болатын. Концерттің қандай стильде өтетіні біздің идея емес. Біз тек шартты орындадық. Бұл концертте әншілер ғана емес «Маxаббат әлемі» өнер тарландары, актерлар, бизнесмендер мен қарапайым xалық саxнада өнер көрсетті. Ұйымдастырушылардың мақсаты – отбасылық маxаббатты, сыйластықты, татулықты өскелең ұрпаққа көрсету және жастарды тәрбиелеу», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Өз кезегінде продюсердің желідегі оқырмандарының пікірі қақ жарылды. Олардың бірі Қайраттың ата-анасын үнді әнін орындағаны үшін сынап, «жастарға ешқандай тәрбиелік мағынасы жоқ» екенін айтып жатты. Екінші топ продюсердің өнерлілігін, «адамның жүрегі мәңгі жас болуы керектігін» жазды. «Дұрыс! Осылай əдемі, жарасымды қартаю керек. Өмір зымырап өтеді», – деп жазды желі қолданушысы.