Шымкенттегі ҰОС ардагерлері жылуға төлейді
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне де жеңілдік жоқ. Жыл сайын жылуды тегін тұтынатын ардагерлер биыл төлемақы төлейді. Өйткені қала әкімдігі бұл мәселе бойынша шешімді әлі қабылдамаған көрінеді, деп жазады otyrar.kz.
Арнайы шешімді күтіп отырған жылу берушілер соғыс ардагерлері, оларға теңестірілгендер, Ленинград қоршауында болған, жалпы 96 ардагерді төлемнен босату жөнінде ұсыныс жіберілгенін айтады.
Шымкентте жүзге жетер жетпес Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Солардың бірі — Иван Борисов. 97 жастағы ақсақал жеңілдіктің кешігіп жатқанына налиды. Онсыз да қан қысымы жоғары жанға бұл жаңалық ауыр тигенін туыстары жасырмай айтты.
Иван Борисов, ҰОС ардагері: «Маған ештеңе керек емес. Қажет медициналық көмекті алып жатырмын. Төсекке танылмағаныма ризамын.»
Ардагердің қарындасы: «Осыған дейін жылуға төлемейтінбіз. Биылдыққа жақында алдық. Бүгін төлемді жасап та қойдық. Қайдан білейік, ешкім төлеу-төлемеу туралы ештеңе айтқан жоқ. Ағамыздың қанша өмірі қалды дейсіз? Қамқорлық жалғасса, көңілі де көтеріліп қалады ғой.»
Қалалық ардагерлер кеңесінің басшылығы қажетті тізімді жылу берушілерге бергендерін атйады. Тек шешімнің қабылданбағанынан хабарсыз. Айтуларынша, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оларға теңестірілген азаматтарға және соғыс ардагерлерінің жесірлері мен Ленинградтағы қоршауда болғандар, жалпы 96 ардагердің аты-жөні, мекенжайы мен телефондары бар тізім тіркелген хат «Қуат жылу орталығы-3» мекемесіне жіберілген.
Қалалықтарды жылумен қамтитын «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі өз тарапынан хатты және ардагерлердің тізімін қала әкімдігіне жіберіп қойыпты. Алайда шешім шықпағандықтан, ардагерлерге тұтынған жылуға төлем өтеу жөнінде түбіртектер де жіберіпті.
Айта кетейік, «Қуат жылу орталығы-3» МКК, қалалық ардагерлер кеңесі және қала әкімдігі арасында меморандум түзілген. Құжатқа сәйкес тізімге енгізілген соғыс ардагерлері, оларға теңестірілгендер, соғыс ардагерлерінің жесірлері мен Ленинградтағы қоршауда болғандарға тегін жылу берілу керек.
Бүгінде қала әкімдігінің шешімін Шымкентте тұратын 96 ардагер күтуде. Майдангерлердің қатары күн санап азайып бара жатыр.