Алаяқтар әйелдің атынан аккаунт ашқан. Алданған жұрт әлгі әйелді өлтіреміз деп қорқытуда
Ақшаңызды 2 сағаттың ішінде 15 есеге көбейтіп беремін! Алматылық келіншектің атынан белгісіз біреулер әлеуметтік желіден аккаунт ашып, тұрғындарды 1,5 жылдан бері алдап келеді екен. Алаяқтың әрекетінен сан соққан жандар енді, жоқ жерден жексұрын болған Гүлнар Әбдіғазиеваның басқан ізін аңдып, тіпті "ақшаны қайтармасаң, басыңды кесіп аламыз" деп қорқытады екен. Құзырлы органдарға бірнеше мәрте шағым түсіргенімен, нәтиже шамалы, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Өзі мен қызының басына қауіп төнген келіншек телеарна тілшілерінен араша сұрапты. Ал заңгерлер егер әйел өзінің кінәсіз екен дәлелдей алмаса, 17 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін айтып отыр.
"Менің атымнан мошенничество жүріп жатыр. 2019 март, апрель айларында басталды".
Алматылық Гүлнар Әбдіғазиева өзінің алаяқ емес екенін бір жарым жылдан бері дәлелдей алмай келеді. Оның атынан белгісіз біреулер әлеуметтік желілерден бірнеше парақша ашып, салған қаржыңызды 2-3 сағат ішінде 18-20 есе көбейтіп береміз деп, ақша жинаумен келеді екен. Аңғал жұрттың сеніміне кіру үшін Гүлнардың жеке куәлігі мен дипломын және өзге де құжаттарын кепіл ретінде жариялайды екен. Бірақ, Гүлнар бұл құжаттарын кімнің қайдан алғанын білмейді. Өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін жалғызбасты келіншек полицияға бірнеше мәрте шағымданған. Нәтиже болмаған соң прокуратураға да арыз жазыпты.
Гүлнар Әбдіғазиева, қала тұрғыны:
"Осы жақта департаментке заявление жаздым. Ол кісілер Бостандық ауданының полициясына қайтадан берді. Сол жаққа аударды. Ол кісілерден маған сіз потерпевшый емессіз, ештеңеден қорықпаңыз, ондай мощенниктер көп қой деген ақпарат берді де, мені шығарып салды".
Ал Гүлнардың атын жамылған алаяқтарға алданғандар қатары күн санап артып жатқан көрінеді. Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан хабарласқан адамдар қатары көбейген. Күндіз-түні маза бермейді екен. Бастапқыда ақшасын қайтаруды талап етсе, енді қорқыту, үркіту, тіпті ізін аңду басталған. Жан-жақтан жасалған қысымнан өзінің де, 10 жастағы қызының да денсаулығы сыр бере бастаған.
"Сен бізбен ойнама, айналайын, ойнама сен! Қызыңды ойла, әкеңді ойла! Бірақ сенің Нарынқолға барып, әкеңнің алдында, әпкең бар екен ғой гинеколог болып жұмыс істейтін, соның, туған қайын жұртыңның алдында сенің қандай екеніңді көрсетеміз".
Гүлнар Әбдіғазиева, қала тұрғыны:
"Енді артыңа адам жалдап қойдық. Бір апта, үш күн болсын өмірің қалды. Маған звондаңдар, менің ағам деген бәлен жерде істейді деген әңгімелер кетті. Қызыңды ойламайсың ба, сенің басыңды кесіп кетеміз деген әңгімелер болды".
Ал, полицейлер өзін жәбірленуші санайтын келіншектің шағымын неге қарамағандарын былай деп түсіндірді.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
"Негізі қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес және заң талаптарына сәйкес, жәбірленуші болып материалдық залал көрген азаматтар ғана осындай қылмыстық істер аясында бола алады. Сондықтан айта кететініміз, бұл азаматшаға қатысты Алматы полициясының бөлімшелері мен басқармаларына азаматтардан бірде бір арыз түскен жоқ".
Заңгерлер Гүлнарды жәбірленуші деп айтуға толық негіз барын айтады. Өйткені, өзге адамның жеке мәліметтерін пайдаланып өзгелерді алдау әрекеті "алаяқтық" бабы бойынша сараланады екен. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді анықтамаса еш кінәсі жоқ Гүлнар 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Нұра Тынысқызы, заңгер:
"Егер құқық қорғау органдары бұл іске қатыспаса қазіргі кезде ешқандай кінәсі жоқ, мүмкін ешқандай кәнәсі жоқ Гүлнар деген кісі мұғалім бола отырып ертең сотталып куетуі әбден мүмкін. Ал алаяқтық деген бұл ауыр қылмыстың бірі".
Ал Гүлнар құжаттарының көшірмесін кімнің қалай алғанын білмей дал болуда. Бір білетіні, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентке оқуға тапсырғанда көшірмелерін жіберіпті. Соны әлдебіреулер қолға түсіріп, арам жолға пайдаланып жүр ме деп күдіктенеді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылғанол қазір үйрей құшағында өмір сүріп келеді. Қан қысымы мен жүректің дәрісін үнемі өзімен алып жүреді екен. Егер кінәсіз екенін дәлелдей алмаса ұзақ жылға сотталып кетем бе деп қауіптенеді.