Мал ұрыларын ұстауға көмектескен арыс тұрғындары марапатталды
Оңтүстіктің полицейлері мал ұрыларын ұстауға қолғабыс тигізген жергілікті тұрғындарды марапаттады. Арыс аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Исабеков Нұрлан аудан тұрғындары Қоңырбаев Дүйсенбек пен Әлімбеков Ақылбекке қылмысты ашуға көмектескендері үшін салтанатты түрде алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады. Олар полицейлерге қылмысты топтың ізіне түсуге және ұстауға көмектескен. Бұл туралы otyrar.kz жазды.
Оқиға былай болған. Биылғы желтоқсан айында полиция бөліміне түн ішінде Қожатоғай ауылы тұрғынының ауласынан қой ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Мұнда белгісіз біреулер жәбірленушінің құны шамамен 100 мың теңге тұратын 4 қойын ұрлап кеткен екен.
Осы мал ұрлығын ашуға жергілікті тұрғындар Қоңырбаев Дүйсенбек пен Әлімбеков Ақылбек көмектескен. Олар ұрылар мінген көліктің белгілерін ғана айтып қоймай, қылмыскерлердің жасырынған жерін анықтауға белсенді атсалысқан. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полицейлер қой ұрлауға қатысы бар үш күдіктіні ұсталды. Тергеу барысында қылмысты топтың 7 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Осылайша Арыстың полицейлері қос азаматтың мал ұрлығын ашуға көмектескенін атап өтіп, алғыс білдірді.