«Эйр Астана» үш ұшағына интернет орнатты
«Эйр Астана» әуе компаниясы барлық «Боинг-767» ұшағына жылдамдығы жоғары интернет орнатты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі аталған компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бангкок, Куала-Лампур, Сеул, Дубай қалаларына және ішкі бағыттарда ұшатын «Эйр Астана» компаниясының жолаушылары бұдан былай ұшақта отырып сымсыз интернетті пайдалана алады. Аталған интернет бизнес және эконом класс жолаушыларына бірдей қолжетімді.
Жаңа қызметтің арқасында жолаушылар әлеуметтік желілер арқылы жылдам хат алмасып, әуен тыңдап, пошталарын тексере алады. Жолаушыларға үш түрлі интернет пакеті ұсынылады: «Старт» 15 Мб, «Бизнес» 50 Мб, «Cупер» 100 Мб. Алғашқысының бағасы — 1 500 теңге, кейінгілері — 4500 және 7 500 теңге. Интернетке қосылудың орташа жылдамдығы – 2-ден бастап секундына 5 мегабайт.