Бокс: Қазақстан қыздар құрамасы бірінші орынды иеленді
Бокстан Қазақстанның қыздар құрамасы Сербияның Сомбор қаласында өткен «Ұлттар Кубогы» 7-ші халықаралық турнирінде тамаша өнер көрсетті. Спортшыларымыз 6 алтын медаль еншілеп, жалпы командалық есепте бірінші орынға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған турнирдің алғашқы «алтынын» әлем чемпионы Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) еншілегенін еске сала кетейік.
Біздің қыздар тоғыз финалдық жекпе-жектің біреуіне ғана қатысқан жоқ - 69 келіден жоғары санатта.
48 келіге дейінгі салмақта Алина Тұрлыбаева румыниялық әйгілі боксшы Стелюта Дутадан жеңіліп қалды. Азиада жүлдегері Жайна Шекербекова да (51 келі) румыниялық Клаудия Нечитудан айласын асыра алмады.
Әлем чемпионы Дина Жоламан (54 келі) мен Аида Тұяқбай арасындағы кездесу Жоламанның пайдасына шешілді.
Қазақ-румын жекпе-жегінің Назым Ищанова (57 келі) мен Периок Лакрамиоаре арасындағы үшінші кездесуі де біз үшін сәтсіз аяқталды.
Ал 61 келі салмақтағы Карина Ибрагимова ағылшын қызы Пэйдж Мурнейді 4:1 есебімен айқын басымдықпен жеңсе, Азия чемпионы Мадина Нұршаева (75 келі) да дәл осындай көрсеткішпен венгриялық спортшы Эстер Олахтан озды.
Азия ойындарының қола жүлдегері Дариға Шәкімова (75 келі) қазылар алқасының шешімімен Ұлттық құрамадағы құрбысы Ақерке Бақытжаннан басым түсті.
Фариза Шолтай (81 келіге дейін) 3:2 есебімен венгриялық боксшы Тимея Нагиді жеңді.
Осылайша, Ұлттық құрама қыздары турнирдің он алтын медалінің алтауын қоржынымызға салды. Бұдан бөлек, еншімізде 7 "күміс" пен 10 "қола" бар.
Турнирге 28 елдің спортшылары қатысқанын естеріңізге сала кетейік. Олардың дені өздерінің құрлықтық чемпионаттарына дайындалып жатқан Еуропа елдерінің боксшылары.