Денсаулық сақтау министрі инсулиннің тапшылығын бақылауға алды
Сурет: zakon.kz
Министрдің айтуынша, инсулинді тарату жұмысы 5 ақпанға дейін аяқталуы тиіс.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Астанадағы инсулиннің тапшылығына қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Бастысы инсулин сатып алынды. Соның басым бөлігі дәріxаналарға таратылды. Енді, кейбір жерлерде препаратты жеткізу жағы кешігіп жатыр. Жалпы, барлық облыстар инсулиннің қажетті көлемін сатып алуға міндетті болған. Біз оларға ақшаның бәрін бергенбіз. Қазір инсулиннің тапшылығы бар жерлерді қараймыз. Әрине, тексеріс үшін арыз керек. Сол тексерістің нәтижесі бойынша тиісті шараларды қолға алатын боламыз», - деді Е.Біртанов журналистерге берген сұxбатында.
Министрдің айтуынша, инсулиннің тапшылығы кезінде стационарлардан, болмаса, аймақтардан препарттың қажетті көлемін алдыртуға болады. Қазіргі жоспарға сәйкес, инсулинді тарату жұмысы 5 ақпанға дейін аяқталуы тиіс.
«Бұрын біз препараттарды екі айға - қаңтар мен ақпанға сатып алатынбыз. Қазір жоспарлау жұмысы дұрыс жүргізілмегеннен кейін тапшылық туындайды. Мысалы, кейбір препараттарды, керісінше, тым көп сатып алады. Оны бірнеше айға, тіпті бір жылға дейін жеткізуге болады. Сондықтан бүгінде біз осы саладағы жұмысты ретке келтіріп жатырмыз», - деп атап көрсетті Е.Біртанов.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript