Ақтөбе облысында жетім балалар баспаналы болды
Ақтөбе облысының Алға ауданында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жаңа қоныс иелеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылған көппəтерлі тұрғын үйлердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Baq.kz.
Бес қабатты үйде 60 пәтер болса, оның бесеуі 1 бөлмелі, отызы 2 бөлмелі, жиырмасы 3 бөлмелі, бесеуі 4 бөлмелі. Әр пәтердің аумағы 31-ден 79 шаршы метрге дейін.
Жетім жəне ата-ана қамқорлығынсыз қалған 12 бала, əлеуметтік жағдайы төмен 19 жанұя, 18 бюджеттік сала қызметкері, сонымен қатар жалғыз баспанасы апатты деп танылған отбасы жеке баспаналарына ие болды. Қалған он пəтер бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне жалдауға берілді.
«Елбасы тапсырмасымен облыста азаматтардың əл-ауқатын оларды баспанамен қамтамасыз ету арқылы арттыруға бағытталған «Нұрлы жер» жəне «Нұрлы жол» бағларламалары табысты жүзеге асырылып жатыр. Былтыр облыс тарихында алғаш рет 793 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 6800-ден аса ақтөбелік отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен мүмкін болды. Осындай үйлер Ақтөбе қаласында ғана емес, барлық аудан орталықтарында да салынатын болады», - деді Б.Сапарбаев.
Баспаналы болғандардың қатарында облыстық балалар үйінің түлегі Ольга Васильева да бар.
«Жолдасым екеуміздің төрт баламыз бар. Бұрын өз үйіміз болмады, туыстарымыздың үйінде тұрдық. Бүгін бізге өзіміздің үш бөлмелі пәтеріміздің кілтін табыс етті», - деді қуанышымен бөліскен Васильева.
Жуырда Алға қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша 60 пәтерлік 5 қабатты үй пайдалануға берілмек. Келешекте 120 пәтерлік екі тұрғын үй салу жоспарда бар.
Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Алға қаласындағы орталық стадионда болып, шайбалы хоккейден өткен «Жұлдызды шайба» сайысы мен «Ең үздік мұз айдыны» байқауының жеңімпаз командаларын марапаттады.
«Балаларымыздың спортпен шұғылдануына жағдай жасай отырып, біз өскелең ұрпақтың физикалық, рухани жəне моральдық тұрғыда дені сау болуын қамтамасыз етеміз. Барлық мектеп мұғалімдері мен директорларының назарын оқушыларды бұқаралық спортқа тартуға аударуларын сұраймын. Өз кезегінде облыс басшылығы Елбасы тапсырмасына сай халықтың спортпен айналысуы үшін материалдық-техникалық базаны нығайтып, дамыту жұмыстарын жалғастыратын болады», - деді облыс əкімі құттықтау сөзінде.
Маржанбұлақ, Бестамақ селолық округтерінің және В.Пацаев атындағы №2 мектеп командалары шайбалы хоккей турнирінің жеңімпазы атанды. Олар осы жылдың қаңтар айында Ақтөбеде өтетін облыстық жарыста аудан намысын қорғамақ.
Өңір басшысы жарыс жеңімпаздарына дипломдар, сырғытпа таяқтар мен конькилер табыстады.
Үздік мұз айдыны байқауында Тамды, Бестамақ және Сарықобда селолық округтері жүлделі орындарға ие болды. Есет батыр атындағы аудандық дене шынықтыру кешенінің директоры Берік Бақытовтың айтуынша, төрешілер ең алдымен мұздың тегістігін, сонымен қатар, мұз айдынының техникалық жағынан жабдықталуына баға берді.
«Бүгінде ауданның жалпы білім беретін 27 мектебінің барлығында, БЖСМ-де, барлық селолық округтерде мұз айдыны бар. Соңғы екі-үш жылда қысқы спорт түрлеріне көп көңіл бөлініп жүр. Спорттық киімдер, жабдықтар сатып алынды. Өткен жылғы спорттық кезеңмен салыстырғанда нәтиже бар. Қысқы спорт түрлерімен шұғылданғысы келетін балалар саны 30% артты», - деді Бақытов.