Ауғанстанда қаза болған қазақстандық өз Отанында жерленді
Ауғанстан астанасында көз жұмған Ерлан Жампейісов Отанына жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, марқұмның денесі жұмадан сенбіге қараған түні 27 қаңтарда жеткізіліп, сол күні жерленген.
Ә.Жайнақов сәрсенбі күні тасымалдауға дайын болған мәйіттің жолда неге кідіргенін де түсіндірді. Туыстары солай болсын деп сұраған, себебі олар жекеменшік ұшақпен жеткізу жолын тапқан. Артынан анықталғандай, марқұмның туыстары алаяқтарға алданып қалған.
Осыған дейін хабарланғандай, Астана қаласының тұрғыны Ерлан Жампейісов 1978 жылы дүниеге келген. Ол Ауғанстанда іскерлік мақсатпен қызметте жүрген болатын.
Естеріңізге сала кетсек, 21 қаңтар күні таңертең 1978 жылы туған Қазақстан азаматы содырлардың Кабулдағы Intercontinental қонақүйіне шабуылы салдарынан ажал құшты.
Ол Астана қаласының тұрғыны болған. Ауғанстанға телекоммуникация саласында жұмыс атқаратын ауған компанияларының бірінің шақыруымен іссапармен барған.