Биыл Медициналық сақтандыру қоры жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді
Baq.kz
Өткен жылы Қор тұңғыш рет емханалармен жұмыс істей бастаған.
2018 жылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қазақстандықтарға сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін әзірлеп, емханаға тіркеу қызметін жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы аталған қордың басқарма төрайымы Елена Бахмутова мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz.
«Біздің жоспарымыз бойынша, осы тоқсан соңында азаматтар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы ала алады. Мысалы, қазір осыған ұқсас қызметтерді «Электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез-келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады», - деді ол.
Осы орайда Елена Бахмутова аталған қызметті қолдану азаматтарға қиын болып жүргенін айтып қалды.
«Алайда бұл қызмет ХҚКО арқылы көрсетіле бастағаннан кейін тұрғындар өз атына аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметті, сондай-ақ МӘМС жүйесінің қатысушысы деген анықтама қағазын да сол жерден ала алады. Ал жетілдірілген тіркеу қызметі 2018 жылдың үшінші, төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде қазақстандықтар емханаға ХҚКО арқылы тіркеліп, қай жерде тіркелгені туралы мәліметті де сол орталықтардан алатын болады. Қазіргі таңда бұл қызметтер онлайн режимде egov.kz порталы арқылы, оффлайн режимде емханаларда көрсетіледі», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы.
Сонымен қатар аталған ұйым басшысының айтуынша, өткен жылы Қор тұңғыш рет емханалармен жұмыс істей бастаған. Алайда жыл басынан бері аталған қорға кейбір емдеу мекемелерінің азаматтары атынан тіркеу жөнінде жалған өтініштер келе бастапты.
«Тіркеуден ешбір негізсіз бас тарту фактілері туралы шағымдар түсті. Қазір біздің мамандар осындай шағымдар негізінде жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Алайда, мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың құжаттарын қабылдау тәртібін өзгертіп, процесті емханалардың тіркеу бөлімі қызметкерлерінің қатысуынсыз ұйымдастыру керек. Сондықтан біз қазір аталған қызметті ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу туралы ұсыныс дайындап жатырмыз», - деп түсіндірді Елена Бахмутова.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript