Трамп мұғалімдерге қару беруді ұсынды
АҚШ президенті Дональд Трамп мұғалімдер мен мектеп жұмысшыларына қылмыскерлердің шабуылынан қорғайтын қаруды жасырын түрде ұстауларына рұқсат етуді ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ria.ru сайтына сілтеме жасап.
Флорида штатының Паркленд қаласындағы бұрынғы оқушы мектептегі 17 адамды атып өлтірген оқиғадан кейін Америка Құрама Штаттарында қару-жарақ айналымына қатысты шектеулер туралы талқылау қайта жандана түсті.
«Мұны мұғалімнің қаруды жасырын ұстауы деп айтуға болады. Егер педагогқа қару ұстауға рұқсат берсек, олар арнайы дайындықтан өтеді. Мектепте қаруланған мұғалімдердің барын біліп, қылмыскерлер қару әкелуге тәуекелге бармайды», - деді Трамп мектеп мұғалімдері мен оқушыларымен кездесу барысында.
Президент қылмыскерлер дәл осындай қарусыз жерлерде қылмыстық істерін жүзеге асырғылары келеді, өйткені оған жауап ретінде ешкім оқ атпайтынын біледі деп түсіндірді. Сонымен қатар, ол мектептерге күзетші ретінде бұрынғы әскери қызметкерлерді алуды ұсынды, себебі олар қаруды қалай қолдану керек екенін біледі.
Сондай-ақ, ол мұндай атыс оқиғалары шамамен 3 минутқа созылатынын, ал полиция қызметкерлерінің оқиға орнына жетулеріне жоқ дегенде 5-10 минут кететінін айтты.
Мемлекет басшысы қару-жарақ сатып алуға рұқсат берудің «өте қатаң» тексеру ережелерін енгізуге уәде берді. Оның айтуынша, келесі аптада штат өкілдерімен мектептердегі қауіпсіздік тақырыбын талқылау жоспарланған.
«Біз көңілге қонымды, маңызды ұсыныстарды қабылдаймыз және оның іске асуын қадағалаймыз», - деді президент.
Құрама Штаттарда қару ұстау құқығы Конституцияға екінші түзету енгізумен кепілдендірілген. Ықпалды лоббилер қару-жарақ сатып алуға кез-келген қосымша шектеулерге қарсы тұрады. Сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың басым бөлігі инспекция ережелерін қатаңдатуды қолдайды.
Қазіргі уақытта бұрын сотталған, психикалық ауытқуы бар сияқты басқа да фактор сатып алушының қару иеленуіне кедергі келтіреді, бірақ мұндай талаптар қатаң түрде сақтала бермейді. Трамп сайлау алдындағы науқан кезінде қаруға шектеу қоюға қарсы екенін айтты.