52 өзбекстандық қаза тапқан автобустың иесі де тексерілуде
Ақтөбе облысында 52 Өзбекстан азаматының қаза табуы туралы іс бойынша тірі қалған жүргізушілерден басқа жанып кеткен автобустың иесі де тексеріліп жатыр. Бұл жөнінде өткен жылдың қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Жанып кеткен автобус бойынша тағы айтып өткім келеді, қылмыстық іс Ішкі істер министрлігінің тергеу тобымен тергеліп жатыр. Бұл іс бойынша үш жүргізушіден басқа автобус иесі де тексеріліп жатқанын ғана айта аламын», - деді облыстық ІІД басшысының орынбасары Ернат Қалиақпаров.
Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдай Қалыбай ауылынан 10 км және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент трассасында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды. Өзбекстанның 57 азаматы отырған «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жанып жатқан автобустан 5 адам шығып үлгеріпті, 52 адам қайтыс болған.
Бұдан кейін Ақтөбеде өртенген автобустың видеосы шықты.
Сонымен қатар, автобустағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөні белгілі болды, қазір оларды Ақтөбеге алып бара жатыр. Олардың арасында үш жүргізуші, Қазақстан азаматтары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебек, 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, 1978 жылы туған Барат Таңатаров. Барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Қалған екеуі Өзбекстан азаматы – 1988 жылы туған Ахрор Исаков және 1980 Исроилджан Мырзахметов.