ҰҚК бұрынғы басшысы Дүтбаев Әбләзовке қалай көмектескені туралы айтты
ҚР ҰҚК-нің бұрынғы басшысы, сотталған Нартай Дүтбаев Мұратхан Тоқмәдидің ісі бойынша жүргізіліп жатқан сотта куә ретінде өтті. Мұратхан Тоқмәдиге банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылып отыр. Куәгерден Астана қаласы Есіл ауданы №2 сотында бейнеконференция тәсілімен сұрақ алынды, деп хабарлайды BNews.kz.
Мемлекеттік құпияны жария етті, берілген билікті асыра пайдаланды, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, ақшаның ізін жасырды деген айыптаулар бойынша жазасын өтеп жатқан Нартай Дүтбаевтан мемлекеттік айыптаушылар өтініші бойынша жауап алынды. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы 2004-ші жылдың ортасында Әбләзовпен жұмыс істегенін растады.
Оған Әбләзовке тиесілі активтерді Тәтішев заңсыз иемдендіп-мыс, салдарынан келіссөздер сәтсіз аяқталған дегенді айтқан.
"Осыдан кейін мен ақпарат алуға көмектестім. Осы мақсатта мен Тәтішевтің телефонын бақылауға алуға нұсқау бердім", - деді Нартай Дүтбаев сотта.
Дүтбаевтың айтуынша, олар банкирдің жүрген жолы, оның қызығушылығы, жұмыс барысы туралы ақпарат алған. Сондай-ақ Ержан Тәтішевтің таныстарының арасында аңшылыққа бірге шығып жүрген Мұратхан Тоқмәдидің бар екені белгілі болды, деді ҰҚК бұрынғы басшысы. Кейіннен бұл мәліметтер Әбләзовке берілген. Прокурор Есқалиевтің бұл ақпарат Тәтішевтің өлімін ұйымдастыру үшін қолданылатыны туралы білдіңіз бе, деген сауалға куәгер жоқ деп жауап берді.
"Жоқ, маған белгілі болған жоқ. Мен бұл ақпарат Тәтішевпен келіссөздер жүргізу үшін қажет екенін түсіндім. Ал бұл ақпаратты ол Тәтішевті өлтіру үшін пайдаланатынан мен білген жоқпын", - деді Дүтбаев.
Осыдан кейін сот Тілепов ҰҚК-нің бұрынғы басшысына 2005-ші жылғы Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін Әбләзовпен араластыңыз ба деген сұрақ қойды.
"Мұндай есімде жоқ, алайда болуы мүмкін", - деді Нартай Дүтбаев.
Осыған дейін ҰҚК ақпарат жинау орталығының бұрынғы басшысы Олег Репников сотта Тәтішев және оның бауырларының үстінен сол кездегі ҚР ҰҚК-нің жетекшісі Нартай Дүтбаевтың нұсқауымен бақылау жасалғанын айтқан еді. Оның айтуынша Дүтбаев оны өзі шақыртып алып, Тәтішев пен бірнеше адамның телефонын тыңдауды тапсырды. Тағы бір куәгер Мұхтар Әбләзовтың тапсырмасымен ағайынды Тәтішевтердің жұмыс телефонына тыңдау құрылғылары орнатылғанын айтқан еді.
Бүгін Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты істе мемлекеттік айыптаушылар Тоқмәди үшін қандай жаза сұрайтыны белгілі болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Таразда Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы өтіп жатыр, ол 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отыр.
Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты куәгер Ерлан Атамқұлов 90-шы жылдардың соңында болған жағымсыз оқиға туралы айтып, "Ол көмектесуге әрекет жасамады" деп Тоқмәдиге мінездеме берді. Осыдан кейін ол сотталушы Мұратхан Тоқмәдимен байланысын мүлдем үзген.
Сондай-ақ, сотта Асхат Сейітовтің інісі – Талғат Сейітов растап, Мұхтар Әбләзовтің қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржысын жеткізіп беру схемасы туралы айтып берген болатын.
Аталған сот отырысының тағы бір тыңдалымында қашқын олигарх Мұхтар Әбләзовтің қаржылай құйтырқылықтары және оған ақшалай ірі соманы бергендігі туралы "Астана индекс" ақша айырбастау пунктінің кассирі Елена Тутик айтып берді.
Ал кәсіпкер, қаза тапқан қаржыгердің досы Яшар Латыев сотта куәгер ретінде жауап беру барысында 2003 жылы түрмеден шыққан Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтен БТА Банктегi үлесін қайтаруды талап еткендігін айтып берді.