Мерзімінен бұрын босатылғандарға алкогольдік ішімдік ішуге толық тыйым салынбақ
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға алкогольдік ішімді ішуге толық тыйым салынады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын талқылау барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мас күйінде жасалатын және рицидивтік құқықбұзушылықтардың қосымша әдістері мен формалары орнатылады. Атап айтқанда, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға алкогольдік ішімді ішуге толық тыйым салынады», - деп атап өтті Е. Тұрғымбаев.
Сонымен қатар министрдің орынбасары бұрын сотталған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу үш жылдан бастап, соттылығы жойылатын мерзімге дейін ұзартылатынын жеткізді.
Бұдан бөлек ол әкімшілік тұрғыда ұстауға тартылған адамдарға мерзімді 3-тен 24 сағатқа дейін ұлғайту енгізіліп отырғанын атап өтті.
«Олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ ұстау шарты бекітіледі», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.