Түркістандағы мұражайда Қабанбай батырдың қаруы сақтаулы
Түркістандағы «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық музейінде Қаракерей Қабанбайдың қаруы сақтаулы. Сапыны сексенінші жылдары Қабанбайдың ұрпағы, халық суретшісі Сахи Романов әкеліп тапсырған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Музей мамандарының мәліметінше, жәдігер негізгі сапы және қыныдан тұрады. Ұзындығы 34 см болатын қару болаттан соғылған, жүзінің ұзындығы -21,4 см. Сондай-ақ жүзінің жоғарғы жағында кідірген екі кертік сызығы бар, сабының қоспасы жартылай таза күміспен көмкерілген. Онда қаралау әдісімен гүлді ою бедерленген. Ал, қорғасынмен қапталған тұсында күміспен жиектелген көк және жасыл түсті жартылай бағалы асыл тастар төртбұрышты тізбек әшекей ұласқан.
Батыр ұрпақтарының айтуынша, сарғыш тартқан 11 см-лік сабы пілдің тісінен жасалған көрінеді.
«Жәдігердің екінші бөлігі - оның былғары қыны. Қынның ұзындығы - 52см, ол «алақан», «қын» және «белдемеден» тұрады. Бесбұрышты алақаны, төртбұрышты белдемесі қынға сән беріп қана қоймай, арнайы қызметтер атқарған. Қынның өне бойы өсімдік тектес қазақы оюмен өрнектелген. Сапының жүзін мұқалтпас үшін әрі қару қынды кесіп кетпес үшін ағаштан жонылған «кіші қын» негізгі қынға нығыздала кигізіліп, өрме шашақты белдемеге таспамен біріктірілген. Жәдігер мұражай қорының қор сақтау бөлмесінде көздің қарашығындай сақтаулы», - дейді мұражай қызметкерлері.
Қайсар жүрек Қабанбай батырдың табаны тиген өлкеде оның құнды мұрасы сақталып, бүгінде өскелең ұрпаққа таныстырылуда. Қаншама шайқастарда қолынан түспеген қару сапы «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық музейі қорының этнографиялық тобынан орын алған.
Айта кетейік, бұл жәдігердің киелі шаһарда сақталуы да тегін емес. Қазақ халқының басына күн туған қаншама нәубеттер мен жанкешті жаугершіліктерді, жан пида жорықтарды басынан кешкен Түркістан қаласы қазақ хандарының бас қосып, келелі кеңестер өткізген тарихи мекен саналады. Сондай-ақ ел тарихында хандар мен батырлардың, билер мен датқалардың ішінде Түркістан қаласына ат басын тіремей кеткендері кемде-кем.
Еске салайық, Қаракерей Қабанбай - (1692 ж. Алакөл өңірі - 1770 ж. Барлық тауы, Қоңырата жайлауы) Абылай хан тұсында, яғни ХVIII ғасырда жоңғарларға қарсы күресте жанқиярлықпен ел қорғаған, Найман тайпасы, Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан қазақ батыры. Оның азан шақырып қойған аты - Ерасыл болған. Қабанбай - ерлікпен даңқы шыққан кезде халық қалап қойған лақап аты.
1740 жылы Шыңғыстау шайқасында ерлікпен көзге түскені үшін Абылай хан оған «Дарабоз» деген атақ берген. Осыдан бастап замандастары оны «бас сардар» немесе «Дарабоз» деп атаған. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» кезінде Қабанбай қарулас достары Елшібек, Бердіқожа, Малайсары батырлармен бірге Түркістанды қорғауға қатысты.