Атбасарда 500-ден астам үйге қауіп төніп тұр
Ақмола облысындағы Атбасар қаласында биыл да 500-ден астам үй қауіпті аймақта қалып отыр. Себебі Жабай өзені тағы да арнасынан асуы мүмкін деген қатер бар. Өйткені синоптиктер дәл қазір қар аз болғанымен, наурыздың 19-ынан бастап 23-іне дейін айналасы 3-4 күннің ішінде жарты айлық мөлшердегі жаңбыр жауады деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Сондықтан бүгінде өңірде көктемгі су тасқынына дайындық қызу. Айта кетейік, өткен жылғы табиғи апаттан тек Атбасар қаласының өзінде 454 үй су астында қалған болатын. Ал олар үшін салынып жатқан 6 үйдің алғашқылары алдағы сәуір айында пайдалануға берілмек. Атбасардағы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары былтыр күзде басталған болатын. Ол кезде өзеннің арнасындағы бұталар кесіліп, судың жолындағы кедергілер алынып тасталған еді. Ал биыл қаладан 16 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылыпты. Шаһар маңындағы көпірлер мен су өткелдері бүгінде қатаң бақылауға алынған. Себебі апаттың айтып келмейтіні белгілі.
Алексей Советов, облыстық ТЖД бастығы: - Жалпы Ақмола облысында 119 елді мекен су тасу қатері күшті деген аумақтарда орналасқан. Олардың ішіндегі ең қауіптісі – осы Атбасар қаласы. Мұнда биыл көктем өте қиын болайын деп тұр. Еріген қар суы жерге сіңбеуі мүмкін. Себебі тоңның қалыңдығы кей жерлерде 1 жарым метр. Сол үшін әзірлікті күшейтіп жатырмыз.
Сондықтан облыс бойынша қазір 30 мың құтқарушы мен 3 мыңнан астам техника сақадай сай дайын тұр. Ал Атбасардың өзінде бірнеше арнайы техника жұмыс істейді. Қазір шаһарда инертті материал салынған 38 мың данадан астам қапшықтар әзірленіп, Жабайға жақын орналасқан әлеуметтік нысандардың маңайы осындай қаптармен қоршалған. Су айдындарына да күндіз-түні кезекшілік қойылған.
Бірлік Қамбатыров, аудан әкімінің орынбасары: - Тоңның қалыңдығынан су жерге сіңбей, далаға жайыла ма деп қорқып отырмыз. Жағдай қазір бірқалыпты. Дегенмен ертең не боларын уақыт көрсетеді. Сондықтан барлық сақтық шараларын жасап жатырмыз.
Былтыр су шайып кеткен топырақтан көтерілген бөгет те қалыпқа келтірілген. Алайда оның өзі өзендегі су деңгейі 5 метрден асып кетсе, сыр береді. Сондықтан алдағы уақытта баспаналары Жабайға жақын орналасқан отбасылардың барлығы, яғни 528 шаңырақ қала іргесінен салынып жатқан жаңа үйлерге қоныс аударады. «Алайда тұрғындар халық көшіп кетсе де, өзенді түбегейлі тазаламай, апат жылда қайталана береді», - дейді.
Кенжеболат Смағұлов, Атбасар қаласының тұрғыны: - Мен осында 50 жыл тұрамын. Біздің Жабай өзенін тазалау керек Тазаласа, осындай апат болмайды. Қоқыс лақтырады. Ешкім қарамайды. Қазір тазаламаса, мүлдем қалады.
Ал айтып келмейтін апат бола қалған жағдайда оның зардабын жоюға ел қазынасынан 1 млрд 200 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Тұрғындарды тасқын кезінде көшіретін 10 шақты жерден қауіпсіз орындар да әзірленген. Дәл осындай дайындық жұмыстары қазір Зеренді және Сандықтау аудандарында да жүргізіліп жатыр. Себебі атақты Жабай өзені Зеренді ауданынан бастау алып, Сандықтау арқылы өтеді. Естеріңізде болса, осы Сандықтау ауданында да былтыр Жабай өзені арнасынан асып, 400 үй су астында қалған болатын.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко