АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келісім тоқтатылады
Иранмен ядролық келісімшартты тоқтату Америка Құрама Штаттары әкімшілігінің жіті назарында, деп хабарлайды Хабар 24.
Бұл жайында Дональд Трамп бірнеше рет мәлімдеген болатын. АҚШ-тың Еуропадағы одақтастары Вашингтонның бұл шешімін қолдамай отыр.
Бұл мәселе жайында бұқаралық ақпарат құралдарынан бірнеше рет айтылды да, жазылды да. Ақ үйдегі жиналыстарда да мәлімделді. Алайда Рекс Тиллерсонның қызметінен кетуі Тегеранға қарсы жасалған алғашқы қадам секілді. Экс-мемлекеттік хатшы Иранмен келісімшартты толық қолдайтын. АҚШ президенті тіпті сайлауалды науқаны кезінде осы келісімнің қате екенін және тез арада жағдайды түзету керектігін айтқан. Бұл Иран мен АҚШ қарым-қатынасын шиеленістіретіні белгілі.
- Біз Рекс екеуміз осы мәселені ұзақ уақыт талқылап келдік. Екеуіміз жақсы жұмыс істедік, алайда көп мәселеге байланысты ойымыз бір жерден шықпады. Мысалы, мен Иранмен ядролық келісім дұрыс еместігін және екі ел арасындағы осы шарттан АҚШ бас тартуы керек деп есептеймін. Ал Рекс болса бұл келісімді қолдайтын. Мен оның ойын өзгерте алмадым, - дейді АҚШ президенті Дональд Трамп.
Құрама Штаттар мен Иран арасындағы көптараптық ядролық келісім 2015 жылдан бері іске асуда. Оған сәйкес Иранға қарсы салынған барлық санкциялар күшін жояды, ал Тегеран өз кезегінде ядролық қаруды дамытуды тоқтатуға міндеттелді. Дональд Трамп президент болып сайланған күннен бастап Иранның келісімшартты дұрыс орындамай жатқанын және бұдан АҚШ-қа еш пайда жоқ екенін айтып келеді. Алайда ресми Тегеран өз тарапынан барлығы заң аясында орындалып жатқандығын, ал АҚШ президентінің мәлімдемесі жөнсіз деп санайды. Американың Еуропадағы одақтастары да Трамп Иранмен байланысты шиеленістіруі мүмкін деп санайды.
- Франция келісімшарттың қалайша жүзеге асып жатқанын тексермек. Бұл жайында Англия да ойлануда. Егер Еуропа бұл келісімшартқа өзгертулер енгізіп, қазір екі ел арасындағы қарым-қатынасты түзеуге араласпаса, АҚШ Иранмен ортадағы шартты доғаратын түрі бар. Дегенмен АҚШ президенті бұл жайында бірнеше рет мәлімдеді, - деді Иран бойынша сарапшы Владимир Месамед.
Егер АҚШ Иранмен ядролық келісімшарттан бас тартса, бұл құжаттың күші жойылады. Егер Вашингтон жақтан оқыс қимылдар басталса, Иран да келісімшартты бұзбақ ойда. Ақ үйдің мәлімдуінше, бұл мәселе бойынша нақты шешім мамырдың ортасында қабылданады.