Сарыағаштықтар ерекше ағаштың көшетін көбейтуде
Әлемдегі ең жылдам өсетін ағаш күнгейге де отырғызылды. Сарыағаш ауданының шаруалары 2 гектар жерді құрайтын аумаққа Павловния ағашының көшеттерін жерсіндірді, деп хабарлайды otyrar.kz.
Бүгінде өңірге дарақтың 38 мың түбі отырғызылған. Ең тез өсетін ағаш санатына жататын тал музыкалық аспап, тұрмыстық жиһаз және құрылыс материалдарын жасауда пайдасы орасан. Ұзындығы 5 жылда 25 см-ге дейін жетіп, жапырақтары 70 см-ге дейін өседі.
Сарыағаш жеріне жерсіндірілген Павлония ағашының түп тамыры – Шығыс елдеріне тән. Нақтырақ, үнді, қытай, жапон елдерінде кеңінен өседі. Ал бұл дарақты оңтүстік өңіріне егуді алғашқылардың бірі болып, жеке кәсіпкер Балтабай Құрбанбаев қолға алған. Кәсіпкердің айтуынша, тез өсетін ағаш көшеті аса күтімді қажет етпейді. Есесіне 6 апта уақыт гүлдеп, бал жинап кәдеге жартуда да тиімділігі мол. Сондай-ақ, дарақтың ыстыққа төзімділігі де таңдай қақтырады.
Балтабай Құрбанбаев, шаруа: «Басқа ағаштарға қарағанда өте қатты ағаш екен. Содан кейін бұның иілуі жақсы, өңдеуге жақсы, тез жанбайды. 400 градус ыстықта жанады екен. Қазіргі пайдаланып жүрген ағаштарымыз 200 градус болғанда жанып кетеді. Жапон халқы үйіндегі жиһаздарын осыдан істейді екен. Өрт болған жағдайда заттары сақталып қалады».
Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, Павлония ағашы көмірқышқыл газын тез сіңіріп, өзге дарақтармен салыстырғанда 40 есе көп оттегіні шығарады. Сондай-ақ, бүгінде өсімдікке еліміздің түкпір-түкпірінен сұраныс көптеп түсіп жатқанын айтты.
Балтабай Құрбанбаев, шаруа: «Саябақтардан да тапсырыс түсіп жатыр, Шымкент қаласы, Қызылорда және Тараз қалаларынан да. Сонымен қатар, биыл Астанаға егеміз. Астананың 37 градус қысында қалай болатынын көреміз. Мүмкін бұл 40-50 градусқа шыдайтын болуы мүмкін. Ағаш та бейімделеді ғой. Егер Астананың қысына шыдаса, келесі жылы тағы егеміз»
Шаруаның ендігі мақсаты — көшетін көбейтіп, сату. Егер сенімін ақтап жатса, ісін әрі қарай дамытуды көздеп отыр.