Жаңалықтар тізбегі
0

Күш атасы Қажымұқанның науқас қарайтын емшілік қасиеті болған

otyrar.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.04.2018 17:40 otyrar.kz
«Ұлы дала ұрпағы» жобасы аясында Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі де көпшілікке жәдігер-бұйымдарын ұсынып, балуанның өзіне тиесілі жеке дүниелерін таныстырды.

Биыл Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, күш атасы — Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына — 147 жыл. Тарихи датаның құрметіне орай, күнгейде «Ұлы дала ұрпағы» жобасы қолға алынды, деп жазады otyrar.kz.

Тың бастама аясында тау тұлғаның есімі мен ерлігі еске алынып, бағындырған биік белестері дәріптеледі. Игі шараның алғашқы ұсынымын біз де тамашалап, ел арасында бұрын соңды айтылмаған, жазылмаған ақпараттарды анықтап қайтқан едік.«Оңтүстік цирк» мекемесіндегі мазмұнды қойылым.

Сайқымазақтардың бұл жолғы көрінісіне қызылды-жасылды жарқыраған ойыншықтар емес, кәнігі кіртасы арқау болды.Мұның себебі де жоқ емес.

Өнер иелері келген көпшілікке — аға буын мен бала көңілдің алдында балуандардың биігі мен күш атасы — Қажымұқанның ерлігін етене дәріптеді.

Сондай-ақ, цирк сахнасына бүгінгі жас алыптар шығып, қиын қозғалыстармен өзара салмақтарын көтеріп, күш-қауқарларын сынап көрді.

Дәл осы цирк сахнасынан түлеген, қанаттанып, қатайған балуанның бірі — Қажымұқан Мұңайтпасұлы еді. Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан! Күрестің бірнеше түрінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы.

Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне сарп еткен. Үнемі әділдікті жақтаған Ер жиған-терген дүниесін өзінің қара басына емес, қарашаға үлестіріп беретін жомарттығы — бір төбе.

Ал бүгінде тау тұлға — Мұқанның немересі, «Қажымұқан» қоғамдық қорының президенті Нұрлан Айдарханұлы Қажымұқан «Отырар.қаз» сайтының оқырмандары үшін өзінің алып атасы турасында тағы бір тың ақпаратты айтып берді.

Нұрлан Қажымұқан, Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі: «Тапқан-таянғанын көпке беріп, халыққа қарасты. Жанашырлығын сөзбен айтып жеткізу де мүмкін емес шығар, сірә?! Тіпті науқастанып келген жандарды емдейтін де ерекше қасиеті болған. Сондықтан болса керек, әлі күнге атамның кесенесіне барып, зиярат етіп, құран бағыштап, сол маңайға түнеген отбасы бақытқа кенеледі. Балаға зәру жанұя балалы болады, яғни бала көтеріп, жүкті болып оралады екен. Естіп, біліп, қуанып қаламыз».

«Ұлы дала ұрпағы» жобасы аясында Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі де көпшілікке жәдігер-бұйымдарын ұсынып, балуанның өзіне тиесілі жеке дүниелерін таныстырды.

Жерлестеріміз құжаттары мен қолданған заттарын да көруге мүмкіндік алды. Айта өтетін ақпарат, Қажымұқан 1948 жылдың 12-тамызында, 77 жасында, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылдық кеңесінің «Ленин туы» колхозында қайтыс болды. Ол өзінен кейін байлық та қалдырмады, шәкірт те дайындап үлгермеді.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында бір көше мен спорт бағытындағы мектеп-интернат, Астана қаласында бір көше мен Орталық стадион, Шымкент қаласындағы Орталық стадион Қажымұқан Мұңайтпасұлының атында. Ол туралы «Қажымұқан» және «Знай наших!» атты кино түсірілді. Және балуанға арнап Қалмахан Әбдіқадыров «Қажымұқан» және Әлімқұл Бүркітбаевтың деректік повесті жарық көрді.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: