Қолма-қол ақшасыз төлемдер 35 пайызға жеткізіледі
Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер 35 пайызға дейін жеткізіледі. Бұл туралы бүгін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған конференцияда «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Электрондық сауданы дамытуға қолайлы жағдай жасаудан елеулі нәтиже күтілуде. Осы орайда бұл процеске қатысушылар үшін салықтық жеңілдіктерді қарастыратын заңнамалық өзгерістер қабылданды. Сонымен қатар, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыруды дамыту тұрғысында үлкен жұмыстар атқарылады. Бүгінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 10 пайызды құрап отыр, алайда бағдарлама аясында оның деңгейін 35 пайызға дейін жеткізуді жоспарлып отырмыз», - деді «Зерде» холдингінің басқарма төрағасы.
Сараптамалық агенттіктер мәліметтеріне сүйенсек, қолма-қол ақшадан қолма-қол емес төлем түрінде аударудың әрбір пайызы 0,04 пайыз деңгейінде ЖІӨ өсімін береді.
«Бұл ретте 20 пайыздық деңгей Жалпы ішкі өнімнің 1 пайыз өсімін қамтамасыз етеді», - деп тоқталды ол.
Осы орайда Р. Еңсебаев бұл бағытта тиісті инфрақұрылымды құру, онлайн-кассалармен және терминалдармен жабдықтауда ауқымды шаралар қамтылғанын атап өтті.