Исекешев қала жолдарын жөндеуді тапсырды
Бүгін Астана әкімі қаладағы жол-көлік инфрақұрылымының бірнеше нысанына барды. Әсет Исекешев проблемалы учаскелерді аралау кезінде жауапты қызметкерлерге тапсырма берді, деп хабарлайды Вnews.kz.
Ол жол құрылысы мен сапасына артықшылық берілуі керектігін баса айтты.
Астана қалалық жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және транспорт басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин күн жылысымен өкілетті органдар бекіткен кестеге сәйкес жолдағы белгілерді қайтадан бояп шығу жұмыстарын бастайтынын хабарлады. Жұмысты Астана қалалық ІІД әкімшілік полициясы басқармасы бекіткен. Соған сай жол белгілері жаңартылып шығады.
2017 жылы астанада жол жұмыстары қарқынды жүргізілді. 169 көше салынып, жөндеуден өтті, оның 107-сі Өндіріс тұрғын алабында, Юго-Восток, Көктал, Ильинка, Комсомольскийде жасалды. Жалпы алғанда 114,5 шақырым асфальт жол төселді. Ал көше-жол желісіндегі жүктемені төмендету мақсатында қалада 9 оңға қарай бұрылатын құрылғысы бар 7 қиылыс салынды.
Сонымен қатар, Астана қалалық жол-құрылыс инфрақұрылымын дамыту және транспорт басқармасының алдын ала мәліметінше, осы жылы 183 көше салынып, жөндеуден өтеді. Оның ішінде қаладағы 22 магистральді көше бар. Бөлінген қаражат шеңберінде 28 көшеге 28,4 шақырым жол жабындысын төсеу жұмыстары жоспарлануда.
Асфальт жабындысының көпке шыдауы үшін және жөндеу арасындағы мерзімде зертханалық бақылау қызметі де жүзеге асырылды. Яғни жол-құрылыс материалдары мен асфальтбетонның сапасы ең алдымен зертханадан өтеді.
Қаладағы магистральдарда Rejuvaseal, "Микромастика" суға төтеп беретін қоспа мен асфальттың өңін кетірмей қорғап тұратын және кедір-бұдыр жолдың жұқа қабатын жабатын "Микросюрфейсинг" қоспасы өз кезегінде асфальт бетон жабындысының қызметін ұзақ уақытқа сақтай алады.