Алматыда жас ғалымдардың ғылыми марафоны өтті
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жас ғалымдардың қатысуымен «Smart Nation.kz» ғылыми марафоны өтті, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының Баспасөз орталығының жетекшісі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Қыздар Университетінің қабырғасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жиынға шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі департамент марафонды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында еліміздегі ізденушілердің шығармашылық қабілетін шыңдау үшін өткізіп отыр.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми-педагогикалық білім беру кеңістігін дамыту. Сонымен қатар, ізденушілердің өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау.
– Жастардың шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау мен оны кең көлемде жариялауда, олардың тұлғалық дамудың тәсілі ретіндегі жобалық зерттеу іс-әрекеттеріне тартуда және білім беру үрдісінің тиімділігін көтеру мен қолданбалы ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда осы тақілеттес жиындардың маңызы зор, – дейді шара ұйымдастырушылары.
Ғылыми марафон жұмысы «Филологиялық ғылымдар және әлемнің ұлттық бейнесі», «Еліміздегі және әлемдегі педагогика және психология: қазіргі теория және тәжірибе», «Қазақ қоғамының санасын жаңғырту үдерісіндегі әлеуметтік-гуманитарлық білім», «Жаратылыстану ғылымдары: инновациялық технологиялар мен идеялар», «Цифрлық Қазақстан: физика-математика ғылымдарының жаңа серпілісі» және «Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет» секциялары бойынша жүргізілді. Аталған секцияларға барлығы 175 ғылыми жұмыс келіп түскен.
Жиынның пленарлық мәжілісінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті А. Нұрмұхамет «Манипуляциялық мәселелерді басқару және коппинг стратегиялар», Түркияның Өмер Халисдемир университетінің докторанты И. Ікбал «Қазақ, түрік тілдеріндегі лингвистикалық терминдер мәселесі», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің магистранты А. Романенко «Исследование самооценки детей младшего школьного возраста», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті М. Кәрібжан «Қазақстан-2050 стратегиясының әлеуметтік мәні», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері Ж. Байменова, С. Мәдениетова «Жүгерінің «Тұран-480» сортының өнуіне және биопараметрлік көрсеткішіне ауыр металдардың әсері», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті З. Жылқышыбаева «Компьютерлік жүйелер кибер шабуылдар объектісі ретінде», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті М. Орынтаева «Бәсекеге қабілетті маман даярлауда музыка мұғалімнің «Финал» музыкалық-компьютерлік бағдарламасын қолдану мүмкіндіктері» және аталған оқу орнының студенті Г. Бақытбек «Мектеп сабақтарында оқушыларды көп тілділікке бағыттау» тақырыптарында баяндама жасады.
Шара аясында арнайы стендтік баяндамалар мен жас иноваторлар көрмесі ұйымдастырылды. Марафонға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ шығару көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі ізденуші жастарға, ғылыми жұмыстармен айналысатын ғалымдарға және инновациялық даму стратегиясын жоспарлап, жүзеге асырушылар үшін маңызды теориялық және әдістемелік көмекші құрал болмақ.