Бас прокуратура Талғат Ермегияевтің «VIP-камерада» отыруына қатысты түсініктеме берді
ҚР Бас прокуратурасы жемқорлық фактісі бойынша сотталған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бұрынғы басқарма басшысы Талғат Ермегияевтің түрмедегі «VIP-камерада» жазасын өтеуіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Аталған іске тоқталайын. Ермегияевта ондай камера болған жоқ. Ол жазасын өтеп жатқан мекемедегі өндірістік аумақта оған арнайы кабинет жабдықталыпты. Сөйтіп оған жағдай жасалған. Сондай-ақ, ол жазасын түрме камерасында өтеу кезінде оған белгілі бір дəрежеде жеңілдіктер берілген», - деді ҚР Бас прокуратурасы заңдық күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің бастығы Қайрат Жақыпбаев брифингте.
Сонымен қатар, ол аталған жағдайға қатысты тиісті тексерістер жүргізіліп, түзеу мекемесіндегі қызметкерлер жазаға тартылғанын атап өтті.
«Қызметкерлер жұмыстан шығарылды. Тексеріс жұмыстары жүргізілді. 16 азамат жазаланды», - деді Қайрат Жақыпбаев.
Осы орайда басшы аталған жағдайдан кейін еліміздегі барлық түрме тексерілгенін мəлімдеді.
«Осыдан кейін ҚР Бас прокуроры бүкіл Қазақстан бойынша тексеріс жүргізу туралы нұсқау берді. Қаңтар айында барлық түрмені тексердік. Сол кезде тағы да заң бұзушылықтар анықталды. Біреуден телефон, кілем, тұрмыстық техника тәркіленді. Осылайша 26 адам жазаланды. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз, кезең-кезеңмен тексеріп тұрамыз», - деп түйіндеді сөзін Қайрат Жақыпбаев.
Бұған дейін «ЭКСПО» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевке жазасын өтеу кезінде жақсы жағдай жасап бергені үшін ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің басшысы Н.С.Әбен және оның орыбасары Т.О.Мұсаев ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын ІІМ хабарлаған болатын.
Айта кетейік, 2016 жылы маусымда Талғат Ермегияевқа қатысты сот үкімі шығып, ол 14 жылға бас бостандығынын айырылған еді.