Аягөзде қарғын судан зардап шеккен 13 отбасыға баспана кілті табыс етілді
Аягөзде қоныс тойы жалғасуда. Бүгін қарғын судан үйлері зардап шеккен тағы 13 отбасыға салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді, деп хабарлайды Baq.kz.
ШҚО-да көктемгі апаттың салдарын жою науқаны қызу. Қазіргі таңда барлық күш үйлерді, жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруге бағытталған.
Мәселен, Аягөзде қосымша Семей мен Тарбағатай ауданының 5 құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін 118 миллионнан астам теңгеге 28 отбасыға тұрғын үй сатылып алынғаны хабарланған еді. Бүгін олардың қатары 13-ке толықты. Тағы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және «NFS Kazakhstan» ЖШС қолдауымен 2 жанұя баспаналы болды.
«Биыл көктем біздің өңір үшін оңай болған жоқ. Тасқыннан 2 қала, 5 аудан, 33 елді мекен зардап шекті. Қазіргі таңда тұрғындарды күнделікті тұрмыстарына қайтару үшін ШҚО-ның барлық күші жұмыла әрекет етуде. Комиссия жұмыс істеп жатыр, қаражат бөлінді. Облыс бойынша 23 құрылыс ұйымы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде», - деді салтанатты жиында сөз алған ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Айта кету керек, осы уақытқа Аягөзде тағы 12 үй бақылау үстінде тұр, ал 15-інің жөндеу мерзімі иелерінің қалауымен кейінгі шегерілді.