Педагогтер жаңа форматта аттестаттаудан өтетін болады
Педагогтардың мәртебесін арттыру үшін Білім және ғылым министрлігі аттестаттаудың жаңа жүйесін енгізгелі жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов кеңінен айтып берді.
Спикердің айтуынша, ҰТО базасында қазірдің өзінде 60 мыңға тарта мұғалім өз біліктіліктерін арттыру үшін өтініш білдіріп қойған.
- Рамазан Сиқымұлы, қай категорияға бәрінен көп өтініш беріліп отыр?
- Әсіресе, "педагог-сарапшы" категориясына 22 125 мұғалім өтініш берген. Одан сәл ғана аз категорияда - "педагог-зерттеушіге" 18 327 өтініш келіп түсті. Сонымен қатар, "педагог-модератордың" еншісінде 17 846 өтініш, "педагог-шебердің" еншісінде 1990 өтініш бар.
- Біліктілік бойынша категорияның күтіліп отырған шекті деңгейі қандай?
- "Педагог-модератор" үшін - 50%; "педагог-сарапшы" үшін - 60%; "педагог-зертеуші" үшін - 70%; "педагог-шебер" үшін - 80%. Сонымен қатар, әрбір блок бойынша шекті деңгейді бағындыру керек. Шекті деңгейге жете алмаған жағдайда педагогикалық қызметкерлер емтиханнан қайтадан қараша айында өте алады.
- Айтыңызшы, тестілеудің ескі форматы жаңасынан несімен ерекшеленеді?
- Мұғалімдердің тестілеуден өтуі бұрыннан келе жатыр. 2010 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі мерзімде аттестациядан өтуге ниет білдірген 140 мың мұғалім Педагогикалық қызметкерлердің біліктілік тестілеуіне (ПҚБТ) қатысты. ПҚБТ-ның ескі форматы 3 блоктан тұрған: Қазақстан Республикасының заңнамасын, педагогика мен психология негіздерін, пәндік білім негіздерін білу. "Қазақстан Республикасының заңнамасын білу" блогы Ұлттық біліктілік тестілеудің жаңа форматынан алынып тасталды. Енді тестілеу екі блоктан тұрады: "Оқу пәнінің мазмұны" және "Педагогика, оқыту әдістемесі". Ұлттық біліктілік тестілеу сонымен қатар, 100 тест тапсырмасынан тұрса, оның ішінде "Оқу пәнінің мазмұнына" 70-і , "Педагогика, оқыту әдістемесіне" 30-ы тиесілі. Тест тапсырмаларының мазмұны дұрыс жауапты таңдаудан тұратын тесттерден, сондай-ақ мәтінді оқып, мағынасын түсініп, тапсырмаларға жауап беретін мәтіндік тапсырмалардан тұрады.
- Тест тапсырмаларының алдын ала сараптамасы жүргізілді ме?
- Сараптама екі айдың ішінде Астана, Алматы және Павлодар қалаларында өткізілді. Сонымен бірге, тест тапсырмаларының қолданыстағы нормативтік құжаттарға - мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, типтік бағдарламаларға, тесттік ерекшеліктерге, әдістемелік ұсынымдарға, техникалық тапсырмаларға және тағы басқа талаптарға сәйкестігі тексерілді. Бұл сараптама жұмысына тәжірибелі оқытушылардан 154 сарапшы атсалысты. Осының нәтижесінде 60180 сынақ тапсырмасы ұсынымға енгізілді. Ұлттық біліктілік тестілеу үшін тәртіптердің тізімі классификатордағы мамандықтар негізінде жасалды.
- Ұлттық біліктілік тестілеуді өткізуге кімнің құқығы бар?
- Оның ұйымдастырушысы - біздің Ұлттық тестілеу орталығы, аттестациялық комиссиялар, ҚР БҒМ өкілдері мен бағдарламашылары, Республикалық апелляциялық комиссия мен орнындағы Апелляциялық комиссиялар. Аттестаттау комиссиясының құрамына тәжірибелі оқытушылар, әдіскерлер, ғылыми және педагогикалық кеңестің, білім беру бірлестіктерінің, біліктілікті арттыру институттарының, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері, Білім басқармасының мамандары мен кадрлық қызметкерлер кіреді.
- Сіздің қарамағыңыздағы ҰТО-ның жауапты орган ретінде тесттерге дайындық дәрежесі қандай?
- Қазірдің өзінде 55 пәнді есепке алғанда, 31 пәннің тізімі жасалды. Әр пән бойынша тесттердің спецификациялары дайын. Негізгі тестілеуге арналған сауал-кітапшалар әзірленіп жатыр. Әр пән бойынша 25 нұсқа бар десек, барлығы - 1325 макет бар. Тест тапсырмаларының күрделілігі төмендеді. Осылайша, дұрыс жауапты таңдау кезінде нұсқалардың саны жиырмадан онға азайды.
- Бұл саладағы мұғалімдерді орнында тестілеуге дайындық жұмыстары туралы не айтасыз? Тестілеу қандай мерзімде өтеді және олардың өтуіне қанша уақыт бөлінеді?
- Қазіргі уақытта жергілікті білім беру органдары өтініштерді ағымдағы жылдың 2 мамырына дейін қабылдап жатыр. Тестілеу 26 мамыр мен 5 маусым аралығында тестілеу алаңдарында өткізіледі. Қазіргі уақытта пунктердің саны шамамен - 60. Тестілеуге 200 минут, ал "Математика", "Физика", "Химия", "Информатика" пәндері бойынша 230 минут беріледі.
- Нәтижелерге байланысты аппеляцияға беруге бола ма? Болса қандай түрде және қандай мерзімде аппеляцияға беруге болады?
- Тестілеуден кейінгі келесі күні мұғалімдер апелляция бойынша сағат 13:00-ге дейін өтініш бере алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін барлық педагогикалық қызметкерлерге сынақ нәтижелері бойынша сертификат тапсырылады.
- Оқытушылар сынақ тапсырмалары туралы толық ақпаратты қайдан ала алады?
- Бүгінгі күні "Егемен Қазақстан" газетінде әрбір тақырып бойынша тесттің сынақ тапсырмалары басылып шығуда. Ұлттық біліктілік тестілеуді өткізу процедуралары бойынша халыққа жаппай ақпарат беру үшін тесттің сұрақтары сонымен бірге ҰТО сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланып жатыр. Мұғалімдер ол жерден ақпаратты және толымды инфографиканы, сондай-ақ жауап парақшасын толтыру бойынша ережелер жазылған видеороликтерді көре алады. Сонымен қатар, ҰТО сайтында ПҚБТ-дан онлайн тестілеу де бар.
- Әрине, көптеген мұғалімдер сынақ тестілеудің бір реттік бағасы қанша екенін білгісі келетіні анық...
- Бар-жоғы 264 теңге.
- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Автор: Гүлмира Сарбасова