Қызылордада жеңіс күні аталып өтті
Мерекелік іс-шара қаланың орталық көшелеріндегі «Жасампаз жасақ» дәстүрлі шеруінен басталды. Ұлы Отан және Ауған соғысында шейіт болғандар мен атамекенге қайтып келгеннен кейін дүниеден озғандардың құрметіне шеру қатысушылары фотосуреттерін алып шықты.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен митингке қатысушылар «Тағзым алаңында» «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
«Бүгін сұрапыл жылдары майданда кеуделерін от пен оққа төсеп, ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған ата-бабаларымызға құрмет көрсетіп, еске алу күні. Майдан даласында қасық қандары қалғанша шайқасып, қаншама боздақтар азаттық үшін жандарын пида етті. Қызылорда облысының өзінде 70 мыңнан астам адам майданға кетіп, жартысына жуық шайқаста қайтыс болды, ал бүгінгі күні арамызда тек 37 ардагер ғана қалды. Ортақ жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен қаһармандарымыздың ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – біздің азаматтық парызымыз», - деді аймақ басшысы.
Атап өтейік, мереке күндері облыста Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған көптеген патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, 7 мамыр күні Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына арналған «Мәншүк шеруіне» 500 жуық әскер мен колледж студент қыздары қатысты. Одан бөлек, «Жас Отан» қатарына қабылдау, жас полиция қызметкерлерінің салтанатты ант беру рәсімі сынды шаралар өтті. Одан бөлек, мереке қарсаңында «Жеңіс бәрімізге ортақ!» халықаралық медиаэкспедицияның қатысушылары Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне сапар барысында Қызылордаға келді.