Павлодарда жердің астынан ыстық су атқылады
Павлодар қаласындағы көшелердің бірінде жердің астынан ыстық су атқылады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Ыстық субұрқақтың пайда болуына Российская-Суворова көшелерінің қиылысындағы құбырдың жарылуы себеп болған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерге тарап, қызу талқыланып жатыр. Оқыс жағдайдың туындауы Павлодар қаласындағы желілердегі гидравликалық сынақтардың жүргізілу салдары болып шықты.
«Павлодарэнерго» АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі маманның басшысы Олеся Емельянованың айтуынша, атқылаған судың температурасы +40 градусты құрайды.
«Бүгінгі таңда Павлодар қаласының Оңтүстік бөлігіндегі жылу желілерінде гидравликалық сынақтар өткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта атқылаған су тоқтатылды. Мамандар тиісті жұмыстарды қолға алды. Кейін жылу трассасын жөндеуге кіріседі», - дейді Олеся Емельянова.
Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, үстіміздегі жылғы мамырдың 14-18 аралығында 670 тұрғын үй ыстық судан ажыратылған.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда сынақтармен қатар облыс орталығындағы аулаішілік аумақтар абаттандырылуда. Мердігер компанияның өкілі Сергей Шагаровтың айтуынша, бас-аяғы 180 аула қалыпқа келтіріледі.