Павлодарда жердің астынан алты қабатты үймен бірдей су атқылады
Павлодарда жер астынан кезекті субұрқағы пайда болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
- Бүгін таңертең Шөкин көшесіндегі орналасқан 31 үйдің алаңында құбыр жарылды. Қазіргі таңда қаланың оңтүстік аумағында гидравликалық сынақтар жүргізілуде.
Соның салдарынан жылумен қамту ішкі квартал желілері жарылып кеткен. Жарылыс нәтижесінде үш автокөлік пен дүкеннің ғимараты зардап шеккен.
Құбыр жарылған жер қоршалып, ыстық сумен қамтамсыз ету уақытша тоқтатылды, - дейді қалалық ТҮКШ, АЖ мен ЖК секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Арман Қайруллинов.
Сол жердегі адамдардың айтуынша, судың биіктігі алты қабатты үймен бірдей болған.
Павлодар жылу желілері ЖШС учаскені қоршап, ыстық сумен қамтудан ажыратқан. Бұдан кейін желілерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселеді. Зардап шеккен жандарға сотқа жүгінуге кеңес берілді.
Даниял Нығметолла