Шымкентте жоғалып кеткен ақыл-есі кем жігіт ауруханадан табылды
Шымкентте жоғалып кеткен 29 жастағы Құдайберген Тұрсынбай ауруханадан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, психоневрологиялық ауруы бар жігіт 17 мамыр күні қаладан табылған.
«Шымкент қаласында жоғалып кеткен жігітті жедел-жәрдем қызметі Қапал батыр көшесінде ауырып тұрған жерінен тауып, ауруханаға жеткізген. Ол неврология бөліміне жатқызылды. Соңынан писхоневрология диспансерінен дәрігерлер шақыртылып, жас жігітті тексерді. Дәрігерлер науқасты облыстық психоневрологиялық диспансеріне жатқызу керек деген қорытындыға келіп, ол 21 мамыр күні сонда жатқызылды. Ал, 22 мамыр күні науқастың туыстары табылып, оны алып кетті», - делінген хабарламада.
Дәрігерлер Құдайберген Тұрсынбайдың жүйке ауруына шалдыққанын, ақыл-есінің кемістігі бар екенін айтады.
Еске сала кетсек, 18 мамырда Шымкентте сөйлеу қабілетінен айырылған жігіт жоғалып кеткендігі туралы хабар тарады. Ол кезде 29 жастағы Құдайберген Тұрсынбайды туыстары төрт күннен бері таппай жатқанын айтқан еді. Айтуларынша, науқас жігіт «Бекжан» автовокзалы маңында із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны іздестіруге Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де жұмылдырылды.