13 жасар қазақ баласының даусы Қытай елін тәнті етті
Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында тұратын жас әнші Бақытжан Тоқтасыновтың өнерін қытай халқы әлі де ұмыта қойған жоқ. Небәрі 13 жасында халықаралық байқауға қатысқан Бақытжан әнсүйер қауымды қазақ әнімен тәнті еткен болатын, деп жазады Stan.kz.
Осылайша бас жүлдені жеңіп алған ол шетелде өтетін кезекті ән фестиваліне дайындық жүргізуде. Бақытжан отбасында үйдің кенжесі. Алдында төрт әпкесі бар. Өнер әлеміне қанат қаққанына да көп бола қоймаған. Сонда да болса жеткен жетістігі аз емес.
Елімізде өткен балалар арасындағы бірнеше фестивальдердің бас жүлде иегері. Бертіндегі белесі аспанасты елінде өткен «Қытай-Қазақ достығы» халықаралық байқауда тағы да бас жүлдені қанжығалаған. Ендігі арманы кәсіби музыкант атану.
“Атақты әнші болғым келеді. Сосын өнер колледжіне түсіп ары қарай өнер жолына кетуді армандаймын. Өнердің ішінде өзім эстрадалық вокалды таңдаймын. Болашақта енді түрлі-түрлі әндер жазып, сол әндерді хитқа айналдырып, Қазақстанға танымал болсам әндерімді үлкен сахналарға алып шығамын”, – дейді жас әнші.
Әкесі Бекбол мен анасы Ританың көз қуанышына айналған ұлдары әуелгі дайындығын ата-анасына көрсетеді. Қатесін түзейтін де, бағасын беретін де Бақытжанның алғашқы тыңдарманы осы екі жан.
“Кешке жұмыстан келеміз. Түнгі кездері өзі музыкамен айналысып, ұйықтатпайды бәрімізді. Тыңдап отырамыз бәріміз. Дайындықты солай жасайды. Айналысатыны ән. Кей кездері өзінің де басқа да даусын салып сондай қасиеттері бар. Одан кейін өлең де шығарып тастайды”, – дейді Бақытжанның анасы Рита Қожабекова.
Бақытжан Бекболұлы Кентау қаласы Әл-Фараби атындағы №14 мектептің 8-сыныбына аяқ басты. Ол сондай-ақ С.Бәйтереков атындағы саз мектебінде вокал және домбыра бойынша дәріс алады. Уақытты босқа өткізбейтін өнерпаз әрдайым шығармашылығын шыңдап, дайындықта жүреді. Бақытжанның бүгінде жеке репертуарында 10-нан астам әні бар. Жерлестеріне арнап алғашқы концертін де өткізіпті. Елін жерін сүйетін патриот азамат «Туған жер» әніне бейнеклип түсіріп үлгерген.