Бақытжан Сағынтаев Душанбеде ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Душанбеде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведевпен және Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиевпен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Достастықта осы жыл Тәжікстан Республикасының төрағалығымен өткізіледі. ТМД ҮБК отырысы басталмастан бұрын Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон үкіметтік делегациялардың басшыларын қабылдады. Кездесу барысында бірлескен жұмыс жоспарлары, сондай-ақ Кеңестің алдағы отырысының мәселелері қаралды.
Кеңес отырысына Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А. Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі М. Абылгазиев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Д. Медведев, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Арипов, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Р. Кохир, Әзербайжан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Я. Эюбов, Армения Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мирзоян, Түркіменстан Премьер-Министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Р. Мередов, Молдова Республикасының ТМД жарғылық және басқа да органдары жанындағы тұрақты өкілетті өкілі В. Сорочан, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы С. Лебедев қатысты.
Отырыс дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген құрамда өтті.
Шағын форматта делегациялардың басшылары Достастық аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, қызметтермен Еркін сауда келісімнің жобасы бойынша келіссөздердің барысы туралы ақпарат алып, бірқатар ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелерді шешті. ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысы биыл күзде Астанада өтеді.
Сонымен қатар, қазақстандық тарап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 11 қазанда Сочиде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі барысында бастама білдірген ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын жаңарту және оны іске асыру бойынша негізгі іс-шаралар жоспары аясында Достастықты жаңғырту мен жетілдіру қажеттігі жөнінде мәселе көтерді.
Кеңейтілген құрамда өткен отырыстың негізгі тақырыптары қатысушы елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуды қамтамасыз ету мәселелері болды. Зияткерлік меншік, энергетиканы инновациялық дамыту, электрондық және электр техникалық жабдықтардың қалдықтарын игеру, мемлекетаралық стандарттау және кеден істері салаларындағы ынтымақтастықты реттеу құралдары қаралды.
ТМД үкіметтері басшыларының кеңесі отырыстарының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды, атап айтқанда:
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің зияткерлік меншік нарығын қалыптастыру және дамыту туралы келісім;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің энергетиканы инновациялық дамыту және алдыңғы қатарлы энергетикалық технологияларды әзірлеу және оны жүзеге асыру бойынша бірінші кезекті іс-шаралар жоспары саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы туралы шешім;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электрондық және электр техникалық жабдықтардың қалдықтарын игеру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім;
Мемлекетаралық стандарттау бойынша құжаттарды тарату туралы келісім;
1994 жылғы 15 сәуірдегі кеден істері саласындағы ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
2020 жылға дейінгі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығының мемлекетаралық бағдарламасы аясында мемлекетаралық инновациялық жобалар мен іс-шараларды дайындау және қаржыландыру тәртібі туралы шешім;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің съезі жөніндегі ереже туралы шешім;
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің «ТМД-ға арналған 100 идея» халықаралық жастар жобасы туралы шешім.
ТМД ҮБК жұмысы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасы үкіметтерінің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен РФ Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтің кездесуі барысында екіжақты экономикалық және сауда қатынастарының, энергетика, өнеркәсіп және кеден саясаты саласындағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесу дәстүрлі достық және ашық, сенімгерлік жағдайда өткізілді.
Анықтама: Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 25,6%-ке ($16 млрд) өсті. Экспорт 31,1%-ке өсіп, $4,5 млрд құрады (2016 — $3,5 млрд). 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында тауар айналымы $3,9 млрд құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ке жоғары ($3,6 млрд), ал Қазақстаннан Ресейге экспорт 7,3%-ке өсіп, $1,2 млрд құрады.
Қырғызстан Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиевпен кездесуде әлеуметтік-экономикалық, сауда, инвестициялық, шекара және кеден салаларында қазақстандық-қырғыз ынтымақтастығын одан әрі дамыту келешегі мен өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесу ашық және сындарлы, достық атмосферада өтті. Премьер-Министрлер осы жылдың наурыз айында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жұмыс кездесуі аясында және Қырғызстан Президенті С. Жээнбековтың өткен жылдың желтоқсан айындағы ресми сапары барысында Астанада екі ел Президенттері арасында жасалған келісімдердің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшыларының 2020 жылға дейін екі жақты сауда айналымын $1 млрд дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының орындалу қарқыны қаралды.
Сонымен қатар, талқылау барысында 2017 жылдың 2 желтоқсанында Астана қаласында қол қойылған екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасын іске асыру мәселелері және алдағы Қазақстанда өтетін ТМД ҮБК отырысына қатысу мәселелері талқыланды.
Анықтама: Өткен жылы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ке өсті (2017 — $758,4 млн, 2016 — $668,6 млн), сондай-ақ, Қазақстаннан экспорт 15,1%-ке өсіп, $503,2 млн құрады. Осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша бұл үрдіс сақталды және өсім 16,6% құрады (2018 жылдың қаңтар–наурыз айларындағы тауар айналымы — $179,4 млн). Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасына экспорт қаңтар–наурыз айларында 27,9%-ке өсіп, $131,7 млн құрады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ТМД елдерінің арасындағы тауар айналымы шамамен 25% артып, $22 млрд асты. 2018 жылдың І тоқсанында ТМД елдерімен сауда айналымы тағы 10% өсіп, $5,3 млрд құрады.