Жыланның кесілген басы ер адамға шабуылдап, шағып алған
АҚШ-тың Техас штатында жыланның кесілген басы ер адамды шағып алды. Ер адам бақшасын ретке келтіріп жүргенде, жыланды көрген. Осы кезде ол жыланды күрекпен қойып қалып, басын шауып тастапты. Мұнан кейін жыланды алып, лақтырып тастамақшы болғанда, жыланның басы оны шағып алған. Бұл туралы Gizmodo басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Зардап шеккен ер адамның әйелі оны ауруханаға алып бармақ болған. Алайда көлікте ер адамның жағдайы нашарлап кеткендіктен, жедел жәрдем шақырылыпты. Нәтижесінде ер адам тікұшақтың көмегімен ауруханаға жеткізілді.
Травматолог дәрігер Майкл Халперттің сөзінше, егер дәрігерлер дер кезінде уға қарсы дәрінің 26 дозасын салмағанда, ер адам өліп кетер еді.
«Бұл көп жіберілетін қателік. Адамдар сүтқоректілер мен жыландардың ағзасы әр-түрлі екенін түсіне бермейді. Жыланның кесілген басы мен басқа да мүшелері әрі қарай өз қызметін жалғастырып, қимылдай беруі мүмкін», – дейді токсиколог Лесли Бойер.
Оның сөзінше, жыланның бөлшектенген дене мүшелері 12 сағатқа дейін белсенді бола алады. Ол өз тәжірибесінде өлгеніне бірнеше жыл болған жыланның басы адамға шабуылдағанын көргенін айтты.