БҚО-да аса қауіпті жұқпалы аурулардың он ошағы анықталды
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері аса қауіпті жұқпалы аурулардың он ошағы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетовтің өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім еткеніндей, соның ішінде 1 қарасан, 9 құтыру ошағы тіркелді.
Дегенмен ветеринарлық алдын алу жұмыстары нәтижесінде аса қауіпті аурулар бойыша эпизоотиялық тұрақты жағдай қалыптасып келеді.
Мысалы, 2014 жылы аса қауіпті аурулардың осындай 68, 2015 жылы 44, 2016 жылы 25, 2017 жылы 14 ошағы тіркелген болатын.
Сол секілді бруцеллезге биылғы бес айлық жоспар бойынша 316 мың бастың 303 мыңы зерттеліп, соның 4,8 мыңы немесе 1,5 пайызы (2017 жылы осы мерзімде - 1,7 пайыз) ауруға шалдыққаны белгілі болды.
Ұсақ малдан 372 бастың 289 мыңынан 495-і (0,17 пайыз) бруцеллезбен ауырғаны анықталды.
Күні бүгін бруцеллезге шыққан 3092 бас ірі қара, 89 бас ұсақ мал ет өңдеу кәсіпорындарына уақтылы тапсырылуда. Сондай-ақ биыл бұралқы иттер мен мысықтарды жоюға жергілікті бюджеттен 56 млн теңге бөлініп, күні бүгін соның 32 пайызы игерілді. 10,3 мың бас ит, 565 мысық ауланды. 2017 жылы бұл мақсатқа 56,7 млн теңге жұмсалып, 21 мың ит, 1 мың мысық ауланған болатын.
Айта кетейік, биыл ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 999,7 млн теңге бөлінсе, соның ішінде эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 883,3 млн теңге, бруцеллезге шыққан малдың иелеріне өтемақы төлеуге 60,4 млн теңге қаралды.
Өткен жылы бұл мақсатқа 1 млрд 083 млн теңге қарастырылған болатын.