Алматы әкімі Қазақстандағы Ресей Елшісімен кездесті
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
Ресей Қазақстанның тұрақты экономикалық серіктесі болып табылады. Алматы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы тұрақты өсуде, соңғы жылдағы көрсеткіш 22%-ға артқан. Алматы әкімдігі мен Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан мэриялары бірнеше бағыттар бойынша ынтымақтасып, жұмыс істеуде.
Қалада ресейлік капиталмен 2 мыңнан астам кәсіпорын сауда, қаржы, медицина, өнеркәсіп және басқа салаларда жұмыс істейді. Қазіргі кезде Индустриалды аймақта кабель өткізгіш өнімдер шығаратын ресейлік «KMK Investment» зауыты салынуда.
Кездесу барысында Ресей Федерациясының Елшісі екі ел Президенттері мен екі ел халықтары арасында қашанда өзара сенім мен достық қатынастың қалыптасқандығын атап өтті.
«Бүгінгі күні ЕАЭС аясында біріккен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар екі жақты туризмді дамытуда, білім бағдарламаларының аясын кеңейтуде өзара үндестік кең қанат жаюда. Орта Азиядағы ең ірі қала ретінде Алматы түрлі халықаралық форумдарды, конференциялар мен фестивальдерді өткізуде, бұларға Ресей делегациясы белсенді қатысты. Жақын күндері ғана ОДКБ сыртқы істер министрлерінің саммиті, Еуразиялық медиа форум өтті. Осының барлығы мәдени және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті Алексей Бородавкин.