«7-20-25» бағдарламасына сай, кепіл мүлкін кедергісіз сату мүмкіндігі болуы тиіс – Ақышев
Мемлекет басшысының «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін кредитор мен қарыз алушының мүдделері арасындағы мүдделер теңгерімінің сақталуын қамтамасыз ететін құқықтық ортаны құру қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді деп жазады zakon.kz.
Ол бағдарламаның болашақта орнықтылығының маңызды талабы банк пен борышкердің нарықтық қағидаттарды сақтауы, оның ішінде проблемалық берешекті сотқа дейін реттеу және кепіл кредиторларының басымдығы мәселелерінде сақтау болып табылатынын атап өтті.
«Кепіл институты жан-жақты болуы керек. Кепіл ұстаушының өз талаптарын қанағаттандыру үшін кепіл мүлкін кедергісіз әрі дереу сату мүмкіндігі болуға тиіс. Мұндай түзетулерсіз 7-20-25 бағдарламасын сәтті іске асыру мүмкін емес», - деп қорытындылады Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.
Д.Ақышевтың айтуынша, заңнамалық түзетулер қабылданған жағдайда, банктер халыққа жақын арада кредиттер бере бастайды.
Сөзін қорытындылай келе Д. Ақышев Сенат депутаттарына осы заң жобасын қарау шеңберінде жүргізген жұмысы үшін алғыс білдірді.
Ол қарастырылып отырған заң жобасының қаржы нарығындағы ахуалды айтарлықтай жақсартуға, біздің азаматтардың құқықтарын қорғауға және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді қорландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.