Бразилияда сотталған ерлі-зайыпты Қазақстанға қайтарылуы мүмкін
Бразилиядағы түрмеде 4 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Қазіргі таңда оларды елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Алдымен ол Қазақстан мен Бразилия арасында қылмыстық істер, сотталған адамдарды ұстап беру және тапсыру туралы өзара құқықтық көмек көрсету шарттарға қол қойылғанын атап өтті.
«Кеше Бразилияның Әділет министрлігі мен ҚР Бас прокуратурасы арасында үшжақты келісімшартқа қол қойдық. Бірінші мәселе, құқықтық көмек көрсету, екінші, бір-бірімізге қылмыскерлерді беру мәселесі, үшінші, сотталған адамдарды өз елдеріне жіберуге байланысты. Бұл Бразилиядағы азаматтарымызға толық құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар екенін көрсетеді», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Бразилиядағы түрмеде қазақстандық 4 азамат жазасын өтеп жатыр. Жоғарыда аталған үшжақты келісім қазақстандықтарды елге қайтаруға мүмкіндік береді.
«Егер сол жақтағы азаматтарымыз елге қайтқысы келсе, біз Бразилияға өтінішхат жібереміз. Соның негізінде Бразилия аталған құжатты ратификацияламай-ақ, өзара түсіністік негізінде қазақстандықтарды қайтаруға мүмкіндік туады», - деді Марат Ахметжанов.
Осы орайда ол Бразилиядағы 3 азаматтың ісімен таныс екенін атап өтті.
«Сол жақтағы жазасын өтеп жатқан 3 азаматты білемін. Олар есірткі қылмысы бойынша сотталған. Оның біреуі – ерлі-зайыпты. Жалпы Бразилиядағы түрмеде 4 қазақстандық отыр», - деді ол.
Сонымен қатар ҚР Бас прокурорының орынбасары қазақстандық азаматтар елге оралғанымен жазаларын толық өтейтінін атап өтті.
«Біз Бразилиямен арнайы шарт бойынша уәделескенбіз. Яғни қазақстандықтар Бразилияда 7 жылға сотталса, сол жазаны еліміздегі түрмеде толық өтеуге міндетті. Бразилиядағы азаматтар Қазақстанға оралса, оларды босатып жіберуге болмайды», - деді Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, алдымен Бас Прокуратура қазақстандық азаматтарды елге қайтару бойынша Бразилияның Әділет министрлігіне арнайы ұсыныс жібереді. Аталған ұсынысқа бразилиялық тарап рұқсатын берсе ғана, қазақстандықтар елге орала алады.