АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қайта жанданды
Саясаттан гөрі сауданы маңыздырақ көретін АҚШ-тың бизнес қауымдастығының өкілі саналатын президент Дональд Трамп өткен аптада отандас өнеркәсіпшілерінің мүддесін қорғау мақсатымен АҚШ-қа енгізілетін Қытай тауарларына 25 пайыздық баж салығын арттыру туралы шешімге қайта оралып, ақыры оған қол қойды. Сөйтіп Америка бюджет түсімін 50 млрд долларға арттыруды да көздеп отыр деп жазады egemen.kz.
Бұл салық америкалық технологиялар мен зияткерлік меншікті Қытай тарапына беруде әділетсіздікке тосқауыл болады, сөйтіп америкалықтардың жұмыс орны сақталатын болады», деді Д.Трамп Ақ үйде осы құжатқа қол қояр кезде.
Еруліге қарулы» дегендей, бұл шараға Қытай тарапы «Синьхуа» агенттігі арқылы бірден жауап беріп, Сауда министрлігінің өкілі оны «АҚШ сауда соғысын бастауға итермелеп отыр» деп бағалады. «Біз де сол масштабта және сол көлемде баж салығын енгіземіз.
Осыған дейінгі барлық экономикалық және сауда келісімдері күшін жоятын болады» деді ол. Бәрі де алдын ала есептеліп, дайын тұрған болуы керек, өткен аптаның соңында Қытай баж салығын 50 млрд АҚШ долларына арттыратын Қытайға жеткізілетін АҚШ тауарларының тізімін де айтып үлгерді. Осы жолы оның қатарына ауыл шаруашылығы тауарлары да енгізіліпті.
Ал бұлар Трампқа дауыс беретін АҚШ-тың ауылшаруашылық аймақтарындағы сайлаушылардың мүдделеріне қайшы келетін болды. Сөйтіп Трамп ескермегенімен Қытай жағы сауданы саясаттың құралына қалай айналдыруды ескеріп отырған сияқты. «Америка дауысының» айтуына қарағанда, АҚШ-тың Сауда министрлігі Қытайдың АҚШ-қа енгізілетін 1102 тауарының тізімін жариялап, осылардың бәріне 6 шілдеден бастап баж салығы 25 пайызға артатынын мәлімдеген. «Бұлар негізінен Қытайдың «Қытайда жасалған – 2025» технологиялық бағдарламасына үлес қосатын өнеркәсіп секторының өнімдері.
Олар авиа-ғарыштық технологияларды, ақпарат және технологияны, роботтехниканы, жаңа материалдар мен автомобильдерді қамтиды» делінген мәлімдемеде. Бір қызығы салық ұялы телефондар мен телевизорларға арттырылмаған. Ал Қытайдың бұл тауарларын америкалықтар қызыға алып жатады. Айта кететін жайт, америкалықтардың сәуір айында жасаған алғашқы тізімі 1333 тауардан тұратынын айтқан болатынбыз. Бірақ одан кейін мамыр айында келісім болып, екі жақ та «сауда соғысын» тоқтатуға келіскенін «ЕҚ-ның» 24 мамырындағы нөмірінде жазған едік. («ЕҚ»., «Сауда соғысы аяқталды»., 24.05.2018 ж).
Арада ай өтпей «соғыстың» қайта басталғандығының өзі ұсақ мемлекеттер ғана емес, алыптар арасындағы тұрақтылықтың да құбылып тұрғанын көрсетіп тұр. Америкалықтар 6 шілдеден бастап күшіне енетін шешім алдымен 818 түрлі тауарды қамтып, ол бюджетке 34 млрд доллар қосымша кіріс түсіретінін айтып үлгерді. Екінші кезеңде 284 түрлі тауарлар енгізіледі екен, бұлар сәуір айында жасалған тізімде болмағандар. Бұлардың дені «Қытайда жасалған – 2025» технологиялық бағдарламасын іске асыруға бағытталған тауарлар.
Сөйтіп АҚШ өз қарсыласының технологиялық тұрғыдан өркендеуіне кедергі келтіретін ыңғай танытып та отыр. АҚШ президентінің сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро бұған дейінгі АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздер ешқандай прогресс әкелмегенін, сондықтан да америкалықтардың мүддесін қорғау үшін осы шараның жасалып отырғанын айтты. «Президент америкалықтар үшін осы қадамға барып отыр, өйткені бұл біздің технологияларымыз бен зияткерлік меншіктерімізді Қытайдың пайдаланып кетуінен сақтайды» деді ол.
Жақсыбай Самрат