Талдықорғанда өлмеген әкесін өлді деп демалыс алған әскериге үкім шықты
Талдықорғанда әкем қайтыс болды деп жалған жолмен заңсыз демалыс алған әскери қызметшіге сот үкімі шықты. Үкімге сәйкес, сержант «А» ҚР ҚК-нің 443-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 120 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс материалына сәйкес, 2018 жылғы 2 мамырда уақытша әскери қызмет міндеттерін уақытша атқарудан босатылу мақсатында, сержант «А» қасақана алдау арқылы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер берген. Яғни, өзінің әкесі қайтыс болды деп баяхат жасаған.
Оның негізінде, оған 10 тәулікке отбасы жағдайына байланысты заңсыз демалыс берілген.
Алайда, тексеру барысында анықталғаны сержант «А»-ның әкесі тірі және дені сау екені анықталды. Осылайша сержант әскери қызмет міндеттерін атқарудан жалтарып, қылмыстық теріс қылық жасаған.
Осыған байланысты Талдықорған гарнизонының әскери сотында ҚР ҚҚ-нін 443-бабының 1-бөлігімен (Әскери қызметшiнiң жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтаруы, сол сияқты әскери қызметті атқарудан бас тартуы) айыпталған әскери қызметші «А»-ға қатысты қылмыстық іс қаралып, ол кінәлі деп танылып, әскери қызметшіге 50 АЕК айыппұл салынды.