Қостанайда 400-ге жуық ата-ана балаларына екпе жасатудан бас тартқан
Қауіпті жұқпалы аурулар бойынша Қостанай облысында жағдай тұрақты. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанай облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қолға алынған вакцинациялау шаралары биыл жақсы нәтиже берді. Соның нәтижесінде былтырғы кезеңмен салыстырғанда облыста өткір респираторлық жұқпалы ауруларға шалдыққандар қатары 21,1 пайызға төмендеген. Бұған қоса өзге де жұқпалы індет бойынша көрсеткіш едәуір жақсарған.
«Облыста екпе шаралары 21 инфекциялық ауруға қарсы жүргізіледі. Жыл басынан бері облыс тұрғындарының 42,6%-ы екпе жасатты. 2017 жылды 96% көрсеткішпен аяқтаған болатынбыз. Соңғы 5 айда өңірде дифтерия, көкжөтел, полиамелит, қызылша сияқты аурулар тіркелген жоқ. Вакцинациямен қамту деңгейі жоғары. Эпидемиологиялық кезең басынан бері 61 мың адам тұмау жұқтырған. Оның 73,3 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Осы аралықта 81 мың адамға екпе жасалды», - деді О. Бекмағамбетов.
Басқарма басшысының сөзінше, кейбір азаматтар екпенің денсаулыққа зияны көп деп ойлайды. Мәселен, былтыр 350 ата-ана баласына екпе жасатудан бас тартқан. Олар иммундау шараларына қауіппен қарайды. Кейбірі - түрлі діни ағымдарды ұстанғандар.
Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов орынбасары Марат Жүндібаевқа діни сенімдері бойынша екпеден бас тартқандармен жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы осы жылы егеуқұйрықтармен күресу шараларының басталатынын айтты.
«Жаздың аптап ыстығы енді біліне бастайды. Сондықтан инфекциялық аурулардың алдын алу үшін кешенді шараларды қолға алу керек. Түрлі ауруларға себепші болатын егеуқұйрықтар мен көртышқандардың көбейетін кезеңі. Сол себепті облыстың барлық қаласында індет тарататын кеміргіштерге дератизация жүргізілсін. Денсаулық сақтау департаменті мұны қатаң бақылауға алсын. Қажет болып жатса, демалыс күндері жұмысқа шығыңыздар. Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алу әлдеқайда жеңіл. Осыны ұмытпаңыздар», - деді Архимед Мұхамбетов.
Сонымен, облыста егеуқұйрықтармен күресуге 30-60 млн теңге қаражат бөлінеді. Аймақ басшысы, өңірдің эпидемиологиялық жағдайын жақсартып, бақылауды күшейтуді тапсырды.