Қазақстан мен Өзбекстан салық қызметі ынтымақтастығын нығайтуда
ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттар «1996 жылғы 12 маусымдағы табыс пен мен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы ҚР Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының модельдік конвенциясына енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Қазақстан тарапы Өзбекстан Республикасы Үкіметі мен ҚР Үкіметінің арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау туралы Келісімге өзгерістер енгізуді ұсынды.
«Сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған хаттама мен бүгінгі күні қолданыстағы Келісімге төмендегідей өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі және олар келесі мақсаттарды көздейді. Біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту", - деп түсіндірді ол.
Екіншіден, ішкі заңнамада көзделген салық төлеуден жалтаруға қарсы шараларды қолдану; үшіншіден, заңды тұлғалар бойынша қосарланған резиденттік проблемаларын жою; төртіншіден, кейбір қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде олардың табыстарына бірінші күннен бастап салық салу.
"Бұдан басқа, Хаттама мен Келісімде көрсетілген салықтардың атауларын жаңғыртуда, «Проценттер» және «Роялти», «Тәуелсіз жеке қызметтер» баптарының ережелері және т.б. баптардың ережелері нақтыланды. Өзбекстанмен өзара сауда-саттық туралы кейбір деректерді қысқаша айтқым келеді. Екі елдің арасында тауар айналымы соңғы он жылда 18 млрд АҚШ долларына жақын», - деп мәлімдеді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, қазақстандық экспорттың негізгі баптары - қара металдар (22,6%), мұнай өнімдері (18,9%), бидай (16,7%), бидай ұны (9,1%) болып табылады.
Импорт құрылымында жемістер мен жаңғақтар (32,5%), табиғи газ (15,5%), көкөністер (10,2%) басымдыққа ие.
«Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді», - деді Б. Сұлтанов.