Қостанай облысының тұрғындары «7-20-25» бағдарламасымен несие алуды бастады
Қостанай облысында «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Жеңілдетілген ипотекалық несиеге тапсырыс бергендердің алғашқы үшеуінің өтініші қанағаттандырылды. Бұл туралы zakon.kz, Хабар 24 арнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы Тобыл өңірінде бұл бағдарлама аясында жыл аяғына дейін 1 мың 300 пәтер тапсыру жоспарланып отыр. Темірхан Тиышбаев өткен жылы ғана жоғары оқу орынын бітірген жас маман. Есеп-қисапты жақсы білетіндіктен, «7-20-25» бағдарламасының тиімділігін тез түсініп, ипотекалық несиеге алғаш өтініш бергендердің бірі. Енді жақында жаңа шағын ауданнан бір бөлмелі пәтер алғалы отыр.
Темірхан Тиышбаев, Қостанай қаласының тұрғыны: - Қазір бір бөлмелі пәтердің құны кемі 8-9 миллион тенге тұрады. Оны мен сияқты жас мамандар көтере алмасы анық. Ал «7-20-25» бағдарламасы жастар үшін тамаша мүмкіндік тудырып отыр.Бұл баспаналы болудың ең тиімді жолы.
Жаңа бағдарламаға тұрғындардың қызығушылығы жоғары. Қазір банктерге келіп, шарт-талаптарын сұрап, ақыл-кеңес алушылардың қатары қалың-дейді сала мамандары.
Жомарт Қажырақымов, «ҚР Ұлттық банкі» ҚФ директоры: - Бүгнгі күні банктерге онға жуық өтініштер түсіп, оның үшеуі мақұлданды. Қалғандары да осы алдағы уақытта мақұлданады деген ойдамыз. Сомасы 15 миллион тенгенің төңірегінде.
Жаңа бағдарламаның енгізілуі құрылысқа да қарқын берді. Биылдың өзінде Қостанайда 36 бюджеттік, 12 жекеменшік көпқабатты тұрғын үйлер салынады. Мұның бәрі «7-20-25» бағдарламасы арқылы беріледі.
Талғат Болатов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы: - Бүгінгі күнге дейін алты бюджеттік, алты коммерциялық үйлер тапрысылды. Шамамен 800 пәтер. Ал жыл аяғына дейін барлығы 1300 пәтерді «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде өткізу жоспарланып отыр.
Қазір өңірде тұрғын үй бағасының 20 пайызын жинаған 5 мыңға жуық банк салымшысы бар екен. Енді олар көптен күткен баспанаға қол жеткізе алады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг