Алматы облысында тауға шығып із-түссіз кеткен баланы қасақана ұстап отыруы мүмкін
Алматы облысында тауға барған 7 жасар жеткіншек із-түссіз жоғалды. Ойын баласының хабарсыз кеткеніне төртінші күн. Бұл туралы zakon.kz, КТК телеарнасы жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Оны құтқарушылар, полиция және бүтін бір ауыл тұрғындары қыраттан күні-түні іздеуде.
Алайда, әзірге тапқандары - балақайдың аяқ киімінің бір сыңары ғана. Қайғыдан қан жұтқан жақындары оны бәзбіреулер қасақана ұстап отыр ма деп күдіктенеді.
Ләззат қазір кенже ұлының тірі не өлі екенін білмейді. Баласының із-түссіз кеткеніне осымен төртінші күн болған. Ернұрды Ынтымақ ауылындағы туыстарына қонаққа жіберген екен.
Ләззат Шалабаева, Ернұрдың анасы: -Тауға шықпаған өмірі. Қызығып ілесіп кеткен ғой. Сол жоғары жаққа тамақ апарып бермекші болған малшыларға. Өзі қорқақ. Ит түгілі құстан қорқады ол. Білмеймін, ол тауда не істеп жатқанын?
Қыратқа 7 жасар жеткіншекпен қоса 4 ұл көтерілген. Олар үйлеріне аман-есен оралыпты.
-Балалар өздеріне осында жүрген мал бағушылардың бірінің пышақпен шабуыл жасамақ болғанын айтады. Сөйтіп, әбден қорқып қалған олар жан-жаққа жапа-тармағай қаша жөнеліпті. Ернұр болса, жалғыз өзі сайға қарай түсіп кеткен. Содан бері оны көрген тірі жан жоқ.
Елжан Шолпан: -Пышақпен қорқытып қуалады. Айдос деген бала екеуміз қазақ үйдің ішінде болдық. Сол кезде Ернұр қазақ үйдің артынан сай жаққа қашып кетті.
Балалардың зәресін алған осы ауылдың тұрғыны көрінеді. Жоғалған жеткіншектің ата-анасы оның үстінен шағым түсірген. Тіпті, сол малшы ұлымызды қасақана ұстап отыр ма деп те күдіктенеді.
- Ернұр көкем, барсың ба? Ернұр.....
Қазір Ернұр Сәдуақасты 100-ден аса сақшы мен құтқарушы, әрі ауыл тұрғындары күні-түні іздеуде. Әзірге бар тапқандары балақайдың аяқ киімінің бір сыңары ғана. Оның үстіне, таудағы нөсерлеп жауған жаңбыр жұмыстарына қиындық туғызып жатыр екен.
Айбек Жанаев, Жамбыл ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы: -Күндіз техникалардың өзі қиналып өтіп жатыр жолдармен. Жергілікті таулы мекен болғандықтан және де өсімдік пен қурайлар өте биік болғандықтан қиыншылық туғызып жатыр.
Ештеңеге қарамастан, іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Баланың жақындары үміттерін үзбеген. Ал, оны көргендер болса, хабар берулерін сұрайды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы